ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ МЕКТЕП-БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

275

Бүгін Республика күні мерекесіне орай Айтұлы Тілеу батыр жекеменшік мектеп-балабақшасы пайдалануға берілді. Мұнда түркістандық 250 бүлдіршін тәлім-тәрбие алады. Құрылтайшысы Сәуле Даулеталинаның айтуынша, мектеп-балабақшада 30 қызметкер жұмыспен қамтылған.

Заман талабына сай бой көтерген жаңа нысанның ашылу салтанатына Израилдің Қазақстандағы елшісі Ябо Глузман Эдвин Натан және Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова арнайы қатысты.

— “Дұрыс қанаттанған түзу ұшар” демекші, балдырғандардың санасын серпілтіп, тәрбие беру жолында еңбектеріңіз жансын. Балық суда жүзу үшін, құс ұшу үшін, ал, бала бақытты болу үшін жаралған. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпақтың алғыр, білімді, нағыз патриот болып өсуі мен тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау”,- деді Оразкүл Шайхықызы.

Жалпы облыс орталығында 108 балабақша болса, оның 21-і мемлекеттік, 87-сі жекеменшік. Балабақша тәрбиеленушілерінің саны қазіргі таңда 14993 бүлдіршінді құрайды.