ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА “МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК” ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
- Балалар жылы аясында ұйымдастырылған шара қаламыздағы ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлауды мақсат етті. Аталмыш шара Farab кітапханасында жүргізіліп, оған қаламыздың ақсақалдар алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров пен қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлы қатысып, бүлдіршіндерге ақ тілектерін арнады.
Сөз алған қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы “Бала — ұлттың болашағы, еліміздің ертеңі, келешегіміздің келбеті. Сондықтан да оларға барынша көңіл бөлуді назардан тыс қалдырмауымыз керек. Ерекше балаларымыздың армандары асқақ, өмірлері бақытты сәттерге толы болғай!”-деді.
- Шара барысында бүлдіршіндер қаламыздағы жаңадан ашылған саябақтарды аралап, “Керуен сарай” кешенін қайықпен тамашалады. Ұйымдастырушылар іс-шараның жоғары дәрежеде өткендігін алға тартып, игі іске жаны жомарт жандар көптеп атсалысса екен деген тілек білдірді. Жиын соңында балаларға сыйлықтары таратылып, бүлдіршіндер әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.