ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ, ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТТІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ

316

Бүгін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар таратылды. Енді алдағы Парламент және мәслихаттар сайлауы жаңа саяси бәсекелестік жағдайында өтеді. Бүгінгі күні додаға түсетін 7 партия бар екенін білеміз. Олар парламенттік «Аманат», «ҚХП» және «Ақжол» партиялары. Сайлау тәжірибесі бар, бірақ парламентке өтпеген партиялар – «Ауыл» мен социал-демократтар. Сондай-ақ жаңадан тіркелген «Байтақ» және «Республика» партиялары.

Сонау 2004 жылдан бері өтпеген бір мандатты округтер бойынша өзін-өзі ұсынған кандидаттардың қатысуы алдағы сайлаудың айрықша ерекшілігі болады. Ол да дұрыс шығар, себебі, азаматтармен тығыз қарым-қатынаста болатын мәслихат депутаттары емес пе? Сосын, шекті меженің 7-ден 5%-ға төмендеуіне байланысты партиялардың Мәжіліске кіру мүмкіндігі артты деп ойлаймын.

Ия, айтпақшы, тағы бір ерекшелік — партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың кемінде 30% ұсынылуы тиіс. Бұрын-соңды мұндай талап қойылмаған-тұғын.

2022 жылдың қараша айынан бастап жаңа «Байтақ» партиясы тіркелуімен саяси бағыттарды кеңейту және азаматтық көпшілік үшін жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында қозғалыс пен партия өрісінің біртіндеп өзгеруі байқалады. Алдағы уақытта Үкімет құрамына көпшілік дауыс алған партияның өкілдері ғана емес, басқа парламенттік партиялардың өкілдері де енетін болады. Сонымен қатар, жылына екі рет Жоғарғы есеп палатасы төрағасының есебін тыңдайтын Мәжілістің бақылау функциялары күшейтілуде. Енді бөлінген бюджет қаражатын түпкілікті бақылауға, барлық шығындардың мақсаты мен тиімділігіне талдау жасауға мүмкіндік туды.

Жалпы, өзім байқаған өзгерістер осы болды. Алдағы сайлау науқанына белсенді қатысу — электораттың азаматтық міндеті десем қателеспеспін.

Қайрат КӘРІБАЕВ,
Қоғам белсендісі