ҚУАТТЫ ЕЛДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ 

301

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мәселесіне тікелей байланысты. ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мәселесіне айқын басымдық берді.

Мемлекет басшысы Жолдауда ол жайлы «Сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын ескеру керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше облыс біріктірілді. Оның сол кездегі саяси және экономикалық ахуалдан туындаған өзіндік себептері болды» деп түсіндірді. Яғни, егемендіктің алғашқы жылдарындағы елдегі ахуалдың күрделенуіне байланысты біріккен өңірлерді қайта бөліп, әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіруді тапсырды. Бұл шешім дамудың келесі кезеңіне қадам басқан Қазақстан үшін қажетті өзгеріс еді.
Елдегі әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіру жайлы шешім бір күнде қабылданған жоқ. Президент Қ.Тоқаев 2019 жылғы Жолдауда осы мәселеге кеңінен тоқталып, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымы негізінде әрекетке көшті. Әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландыру мақсатында Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, ол Түркістан облысы аталды. Бұл әкімшілік-аумақтық бөлініс миллионнан астам тұрғыны бар Шымкенттің ары қарай дамуына, тиісті салаларды тікелей республика қазынасынан қаржыландыруға, қаланың өз бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Түркістан облысы үшін де дәл солай. Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналған тұста, Түркістан облысындағы халқы көп шоғырланған екі аудан бөлінді. Сөйтіп, Мақтааралдан Жетісай, Сарыағаштан Келес ауданы енші алды.
Өткен жылдың наурызындағы Жолдауға сәйкес, Семей аймағында Абай облысы құрылып, орталығы Семей қаласы болды. Шығыс Қазақстан облысынан бөлінген бұл өңірде шешімін күткен түйткіл аз емес еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ол аймақтағы тозығы жеткен ішкі инфрақұрылымды жаңартып, Семей қаласын өркендету мәселесін көтерді. Ал, бұрынғы Жезқазған облысының аумағынан Ұлытау облысы құрылды. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болып, өңірдің экономикалық дамуына серпін берді. «Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек»,- деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-аумақтық жетілдіру мәселесінде ауқымды жұмыстың бірі Алматы облысына қатысты болды. Бұған дейін Алматы республикалық маңызы бар қала ретінде облыстан бөлініп, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілген-ді. «Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді» деген Қ.Тоқаев бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстарын құруды тапсырды. Бүгінде облыс екіге бөлініп, Алматы облысының орталығы Д.Қонаев қаласы, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілді.
Жаңа облыстардың құрылуы, біріншіден, бұрын мәртебесінен айырылған өңірлердің тұрмыс сапасын арттырып, онда халық санының артуына сеп болмақ. Екіншіден, әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Үшіншіден, облыс тұрғындарының орталыққа қатынасын, ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді.
Ел билігі үшін әкімшілік-аумақтық құрылымдарды жетілдіру бір күннің ісі емес. Әрбір аймақтың шекарасын нақтылап, олардың әкімшілік құрылымдарын қалыптастыру — жауапты іс. Сондай-ақ, әрбір құрылым үшін білікті маман табу, ол кадрдың сол өңірдің даму бағытына сай жұмысты үйлестіре білуі — өте маңызды. Себебі, дәл осы әрекеттер жаңа облыстардың даму айнасы болмақ. Жоғарыда айтылғандай, бірінің инфрақұрылымы, екіншісінің өндірістік қуаты, үшіншісінің логистикасы кешегіден көш ілгері болса, бұл Президент тапсырмасының толық жүзеге асып, өз мақсатына жеткенін көрсетеді. Иә, бұл — уақыт еншісіндегі іс. Десек те, қуатты, жаңарған, жаңғырған Қазақстанды қалыптастыруда әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдірудің маңызы зор екені анық.
Қуантарлығы сол, жаңадан құрылған облыстардың атауы Абай, Ұлытау, Жетісу деп тарихпен үндесіп, орналасқан аймағына қарай үйлесім тапқан. Келешекте еліміздің демографиясы өсіп, Қазақстанның өзге де ірі облыстары әкімшілік-аумақтық бөлініске түсіп жатса, біз мұны еліміздің өркендеуге, дамуға қарай жасаған қадамы деп білгеніміз абзал.