ШЫМКЕНТТЕ 37 МЫҢ ОРЫНДЫҚ 25 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» САЛЫНАДЫ

298

Шымкентте 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталмыш пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналмақ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни, Шымкентте биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал 2024 жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады.

«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.

— «Жайлы мектепте» қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар бейнебақылауға алынып, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылады. Ал, террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған. Оқушылар салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған спорт залдар, түрлі алаңдар жабдықталмақ, — дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

Әр мектептің жеке кітап қоймасы, оқу залы, электронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкинг аймағы болады. Ал, әмбебап шеберханалар, бастауыш кәсіптік білім беруге (тігінші, аспаз, ұста) арналған кабинеттер оқушыларды бейіміне қарай білім алып, машығын шыңдауға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, мектептер пайдалануға берілгенге дейін оған қатынайтын автомобиль жолдары, автотұрақтар, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдама, тротуар, орамішілік жарықтандыру мәселелері де толығымен шешілмек.