ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ӨЗБЕКСТАНДА

563

«Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының Өзбекстан Республикасына «Шымкент шашу» гастрольдік сапары басталды. Іссапар екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайту, қуыршақ жасау және қуыршақ театрының жұмысын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр». Бұл туралы Ташкент қаласынан хабарласқан театрдың директоры Самат Алтай мәлімдеді.

Гастрольдік сапар театрдың 40 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асып отыр.
— Өзбекстандық театрсүйер қауымға Е.Локшинаның «Винни Пух» интерактивті ертегісі ұсынылып, қойылым кішкентай көрермендерге қуаныш сыйлады. Бұдан кейін Өзбекстан Мәдениет және өнер институты студенттеріне қуыршақпен жұмыс бойынша ашық семинар ұйымдастырылды. Семинарға Өзбекстан Республикасы мәдениет және туризм министрлігінің өкілі, Самарқанд қуыршақ театры, Қаттақорған театры мен Өзбекстан мәдениет және өнер институтының студенттері және қуыршақ театры майталмандары қатысты. Ал,
8 сәуірде Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен Ташкент облысында тұратын қазақ бауырларымызға спектакль көрсетеміз,- деді Самат Алтай.
Айта кетейік, шымкенттік өнер майталмандарының гастрольдік сапары 3-8 сәуір аралығында Ташкентте, ал 10-14 сәуір аралығында Самарқанд қаласында жалғаспақ.

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының негізін қоғам қайраткері, кезінде облыстық партия комитетін бірінші хатшысы қызметін атқарған Асанбай Асқаровтың мұрындық болуымен 1983 жылы ашылған еді.

Бұл театрдың алғашқы директоы Н. Мустакиди, бас режиссері Б. Парманов және бас суретшісі М. Дәуренбаева болды. Бүгінде 36 жылдық тарихы бар өнер ұжымы қоғамымыздағы уақыт белестерінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді.1994-2006 жылдары театр жұмысына В. Малюченко жетекшілік етті. Бұл кезде театр режиссері Тастанбек Өтебаев болатын. Аталған жылдарда қойылымдар  екі тілде сахналанды. 2007 жылы театр директоры болып Марта Ташенова тағайындалды. Театр ұжымы республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 2014 жылдан театр жұмысын Бақтияр Спанов басқарып келеді. Жас басшы келгелі театр тамырына қан жүгіріп, жұмыстары заман талабымен үндесіп, жандана  бастады. Аталған жылы бұл ұжым «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі» атанды.