ORDABASY: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБТЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға жауапты сала басшылары мен инвесторлар қатысты.
Отырысқа шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын бірнеше инвестициялық жобаның мәселесі (инфрақұрылым тарту, жердің аумағын нақтылау және т.б.) қаралды.
Мәселен, шетелдік инвестор «Central Asia Aluminum» ЖШС-ы Бадам индустриялды аймағында альюминий профильдерін өндіру жобасын қолға алмақ. Жоба 2024 жылдың аяғында жүзеге асса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның құны 4,4 млрд.теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткен.
Жиында бұдан бөлек, балаларға арналған ойын алаңшаларын жинау, металл өнімдері мен керамзит өндіру, тоқыма фабрикасы мен медициналық бұйымдарды шығару жобалары талқыланды.
Аудан әкімі шетелдік және отандық инвесторлармен бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін айтып, жер мен инфрақұрылым мәселесі бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаның жүзеге асырылуы барысында кездесетін кез-келген мәселелер аясында тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі