ЖІБЕК ЖОЛЫ МЕН МАЙДАНТАЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

163

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаты Арсылан Раматуллаев, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Әшірбеков ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Алдымен Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Ескі Сауран елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар, алдағы 2024 жылға аудандық бюджетке ауылдық округтегі өзекті мәселелерді енгізу бойынша ұсыныс пікірлері жүзеге асатынын жеткізді.

Ескі Сауран елді мекенінде өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Елді мекендегі Алдияров көшесін жарықтандыру, ауыз су, елді мекендегі клубта ауыз судың жоқтығын, елді мекен ішінен өтетін ауыр жүк көліктерін тоқтату немесе жай жүру белгілерін орнату, ірілендіру бойынша суармалы жерлерінен кезінде айырылып қалған, соларды қайтару, ауылда тұрғындарға жағдай қарастырылмаған, сондықтан халық сыртқа көшіп жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, ауылда жұмыссыздық белең алып жатқанын, сондықтан жастар сыртта Ресей асып жұмыс жасап жатқанын, егістікке ағын су мәселесі, мектептің айналасын қоршап беруін сұранды.

Бұдан соң Сауран елді мекенінде кездесу жалғасын тапты. Онда ауыл тұрғындарының басты мәселесі ауыл маңына карер қазғалы жатқан зауытты тоқтату жөнінде наразылықтарын білдірді. Елді мекеннің 80-90 пайызы егістікпен айналысатынын айтып, ағын судың жоқтығын, электр жарғының кешкі уақытта нашарлап кететінін, жастардың жұмыссыздығын, қоғамдық көліктің жүруін, ауылдағы тұрғындар ауырып қалса, Жәдел жәрдем көліктері көпірден өте алмайтынын, соған орай, Шорнақ пен Жібек жолы елді мекеніне 15 шақырымдық жолды тездетіп бітіріп беруін, Тоғайдағы жайылым жерді қайтару, мектептің алдын жарықтандыру, ауыз судың бағасы қымбаттап жатқанын, газ мәселесі төңірегінде мәселелерін жеткізді.

Бұдан соң Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат депутаты Арсылан Раматуллаев, Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов олардың өзекті мәселелерін тыңдады.

Майдантал ауылдық округіндегі су жиналатын Тоғанның мәселесі бұған дейін де көтерілгенін айтып, шешіп беруін, ағын судың жоқтығын, тас арықтар ескірген, соларды жаңартуын, балалар ойын алаңшасын салуын, Қисық Шоқпар ауылына асфальт салуын, ауылда интернет байланысының нашарлығын, табиғи газ қашан келетінін, спорт зал, мектеп салу, жайылым жерлерді қайтару, ауылда жарықтың нашарлығын айтып, трансформатор мен бағаналарын орнату қажеттігін айтты.

Жоғарыда аталған ауылдық округтердегі кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров пен тиісті бөлім басшылары бақылауға алып, шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, кездесулерде сол ауылдық округтерінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Арсылан Раматуллаев өзі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап өтті.