ЖЕҢІС ДАҢҚЫ ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА ЖАҢҒЫРАДЫ

312

Тарихтың ақ парағы сарғайғанымен, Ұлы Отан соғысының отты күндері мәңгі біздің есімізде. Міне, биыл Ұлы Жеңіске — 78 жыл! Сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн!

Жесір қалған ананың, жетім қалған баланың, жаралы жауынгердің зар-мұңы 78 жыл өтсе де, ұрпақтың санасында кешегі күндей жаңғырып тұр. Зұлмат соғыстың 1418 күні талай жас өрен мен бір шаңырақтың тірегіне айналған әке мен ағаның өмірін ойран етті. Ұлы Отан соғысына Түркістан қаласынан 18547 адам аттанса, оның 2587-сі сол алапат соғыстың құрбаны болды. Қазақстандық 449 адам Кеңес Одағының батыры атағына ие болса, оның төртеуі Түркістан облысынан. Атап айтқанда, туған топырағына табан тірей алмай Абдолла Үсенов пен Құрбанбай Рысбеков ұрыс даласында мерт болса, аман-сау оралу бақыты бұйырған Файзулла Юлдашев пен Расул Есетов. Осынау ел тыныштығы жолында басын қатерге тігіп, өліммен бетпе-бет келген аға ұрпақтың майдан даласында көрсеткен ерліктерін Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

-Ерлік тарихы ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жастарға үнемі үлгі-өнеге болатын ардагерлеріміз баршылық. Атап айтсақ, соғыс майданында қан кешіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атақтарына ие болған Құрбанбай Рысбеков, Абдолла Үсенов, Файзулла Юлдашев және Расул Есетов сынды аға буынды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, бүгінгі күнгі ұрпаққа үлгі болардай соғыс ардагерлері Немет Абдрасилов, Фазыл Азимов, Әбжаппар Дайрабайұлы секілді қарияларымыз бар. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын «патриотизм», «Отанға деген сүйіспеншілік», «Мәңгілік ел» ұғымдары жәй айтыла салған жалаң сөз емес, оның тамыры тереңде жатқан рухани ұлттық ұғым. Соны жастарымыздың санасына сіңіру аға ұрпақтың қоғам алдындағы парызы, — дейді Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Ендеше, Ұлы Отан соғысында үлкен ерлік көрсетіп Кеңес Одағының Батыры атанған төрт жерлесіміздің өмірбаяндарына тоқталып өтсек.

ОН СЕГІЗДЕ ОТ КЕШКЕН

Ол майданға аттанғанда 18-ғана жаста еді. Еңбекке енді араласып, Түркістан станциясындағы вагон-жөндеу бекетінде жұмыс істеп жүрген болатын. 1942 жылы «Майдан қайдасың?»,-деп майданға тартып кетті.

Абдолла Үсенов 1924 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы бозбала шағында майдан даласына аттанып, 112-Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясында алғы шепте жүреді. Ұрысқа алғаш рет 1943 жылдың ақпан айында қатысып, осы жылдың 7 желтоқсанында Украина жерінің Нивки селосын неміс басқыншыларынан азат ету үшін жан аямай шайқасты. Кескілескен шайқаста жаудың сегіз танкісіне қарсы Максименко деген азамат екеуі ғана қарсы тұруына тура келген. Әлгі жауынгер қарша бораған оқтың астында қалып қаза табады.

Абдолла қарсы келе жатқан жау танкілерін қорғаныс шебіне өткізбес үшін жалғыз болса да, қарсы тұруына тура келеді. Абдолланы байқаған немістер оған зеңбірекпен оқ атады. Жауынгерді жараламаса да, оқ тиген жердің топырағы жерлесімізді көміп қалады. Жауынгерді өлдіге санаған жаудың «Жолбарыс» танкісі одан әрі бет ала бергенде, екі қалтасына граната салған қазақ жігіті шынжыр табанды танкісінің астына ойланбастан кіріп кетеді…

Мұны күтпеген фашистер алдағы жердің бәрі миналанған деп ойлап, артқа шегінеді. Иә, жас боздақ осылай ерлікпен қаза табады. Елі мен жерін өз өмірінен жоғары санаған осындай азаматтың ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1944 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 20 жасында Отан үшін опат болған азаматтың есімі бүгінде өзі туып өскен Крупская атындағы колхозға беріліп, сол ауылдағы мектеп пен орталық көшеге де Абдолла Үсеновтың аты берілген. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық әкімшілігінің алдына батырға арналып ескерткіш-бюст орнатылды.

ШОРНАҚТАН ШЫҚҚАН ШОҢ БАТЫР

Түркістанның Шорнақ ауылында 1922 жылы дүниеге келген жерлесіміз Құрбанбай Рысбеков мектепте тарих және геогра-фия пәнінің мұғалімі болып жүргенде 1942 жылы 2 ақпанда Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ол неміс басқыншыларымен күресте әскери қимылдарды тез үйреніп, кіші лейтенант, атқыштар взводының командиріне дейін көтеріледі.

1943 жылы күзде Совет армиясы жауға тойтарыс беріп, жедел қимылмен Днепр жағалауына жетті. Днепр өзені, Вира деревниясы, Яцки селосын бұған дейін неміс басқыншылары үш рет жаулап алған болатын. Алайда, төртінші рет жауламақ түгілі, әскері қоршауда қалып, неміс генералы тұтқынға түседі. Фашистердің түпкі мақсаты Киевті басып алу болатын. Оған кедергі осы Яцки селосы болғандықтан неміс басқыншылары оны аяусыз бомбалады. Ондағы үш селоны, фашистердің қанды шебінің қолына түскен балалар мен қарттарды жаудан азат етті. Өзіне жүктелген тапсырманы бұлжытпай орындады. Днепр үшін болған шайқаста мыңдаған жауынгерлермен қоса, командирлердің ішінде Құрбанбай да ерекше көзге түсті.

1943 жылы 6 қазанда Днепрден бірінші болып, өзеннің оң жағындағы керамикалық институтты жаудан босату туралы тапсырма алады. Қиян-кескі соғыста жаудың себелеп тұрған оғына қарамастан, Днепрдің оң жақ жағалауына өтіп, қанды қырғынның ортасында фашистермен ұрысқа кірісіп кетеді. Бұл жолы Құрбанбайдың взводы немістің бір ротасын түгелімен жойып жібереді. Жерлесіміз шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында шайқасты. Осы соғыста бір өзі 15 немісті жайратты. Жауынгерлік тапсырма абыроймен орындалды. Алайда, осы айқаста Құрбанбай ауыр жараланады. Осы шайқастан кейін Құрбанбай бір айдай емделіп, ұрыс даласына қайта оралады.

Жас өрен желтоқсан айының соңында ауылына хат жазады. «Тылдағы сіздердей ата-аналар мен бөбектерді жаудың қолынан азат еттік. Топ ішінде аттай үш күн болдым. 3 күн ішінде 3 селоны, бір үлкен станцияны азат еттік. Берілген бұйрықты орындадық. Бір күн өткен соң 25 желтоқсан күні әуеден неміс ұшақтары ұша бастады. 4 ұшақ бомба тастады. 5 үй талқан болды, 5 кісі жараланды. Оның ішінде мен де бармын…».

Бұл батырдың ауылға жазған соңғы хаты болатын. Осы хаттан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, 29 желтоқсан күні қаза табады. Небәрі 21 жасында жауға қарсы күресте жер жастанған жерлесімізге КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1944 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1951 жылы Құрбанбайдың әкесі ұлының зиратын іздеп, Украинаның Яцки селосына келіп, ұлының мүрдесін таппай елге оралады. «Ұлы Жеңістің 60 жылдығына – 60 игі іс» бастамасымен «Жеңіс» тобы құрылып, батырдың зиратын тауып, туған жердің топырағын табыстап, Құран бағыштап қайтты.

Құрбанбай Рысбековке өзі туып — өскен Шорнақ ауылындағы №5 мектеп-интернатына батырдың есімі беріліп, ескерткіш-бюст орнатылған.

ДНЕПРДЕ ДАҢҚЫ ШЫҚҚАН ДЕСАНТ

Майдан даласында ерлік көрсеткен келесі жерлесіміздің бірі — Файзулла Юлдашев 1912 жылы Түркістанда туып өскен. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың маусымында шақыртылды. Бірнеше айдан соң жас сарбаз Ұлы Отан соғысына Дон өзенінің бойында кіреді. Сол жерде оң қолынан жарақат алып емделген соң, Воронеж майданына қарасты 38-ші әскер, 180-ші атқыштар дивизиясы, 42-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі болды. 1943 жылы 27 қыркүйекте аға-сержант Файзулла Юлдашев алғашқы десантшылар құрамында Днепрдің оң жағалауына өтіп, қолма-қол ұрыста басып алған плацдармды ұстап қалу үшін өз бөлімшесімен бірге қаһармандықпен шайқасты. Қаншама жауынгер опат болып, қайықтар аударылды. Үш күн бойы плацдармды жауға бермей ұстап тұрған Файзулланың бөлімінен 11 адам қаза тапса да, жалғыз өзі пулеметпен жауға оқ жаудырады. Пулеметіне мина тиіп, істен шыққан соң, гранатамен көптеген жауды қиратады. Сол сәтте артынан көмек келіп, сақадай сай қаруланған жау басып алған жерлерді қайтару оңайға түспесе де, Кеңес жауынгерлері жеңіс туын желбіретеді. Осы ұрыста қатты жараланған сарбаз Десна бойындағы госпитальда емделеді. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1943 жылғы 29 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар, «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылды.

Файзулла госпитальдан шыққан соң Румынияда шайқасып жатқан өз бөлімінде батальон партия комитетінің хатшысы болып қызметін жалғастырады. Румыния, Венгрия, Чехословакияны азат етуге қатысты. Австрияның астанасы Венаны азат ету жолында үш рет басынан жарақат алып, Жеңіс мерекесін госпитальда жатып қарсы алды. Жерлесімізге соғыстан аман-есен қайту бақыты бұйырды. 1980-90 жылдары Өзбекстанның Наманган облысы, Наманган ауданы, Ирвадан ауылында тұр-ды. Құрметті демалысқа шыққанға дейін орта мектептің директоры қызметінде бол-ды. 1991 жылы сол ауылда қайтыс болған.

ТЕКЕНІҢ ТЕКТІ ТАРХАНЫ

1924 жылдың 25 маусым күні Түркістан қаласы маңындағы Теке ауылында Расул Есетов дүниеге келеді. Расул Есетов қаладағы Калинин (қазіргі Хамза) атындағы мектепте білім алған. Небәрі 9 жасында асқар тау әкесінен айырылып, жетімдік тауқыметін бастан кешірген бозбала 1942 жылы өз еркімен сұрапыл соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттанған. Алғашында 1-ші, кейін 4-ші Украин майданында 138-атқыштар дивизиясының құрамына алынған қазақтың қайсар ұлы қан майданда батырлығымен көзге түсе бастайды.

Жерлесіміз бар рота 1944 жылдың қазан айының бас кезінде дұшпанды аты жоқ биіктіктегі позициясынан қуып шығуға бұйрық алды. Рота алуға тиісті болған биіктік ДОТ-тармен, ДЗОТ-тармен, траншеялармен, миналармен және электр сымы жүргізілген сым қоршауымен мықтап нығайтылған болатын. Жау пулеметінен оқ атқылап, рота жауынгерлерін бас көтертпеді. Осы сәтте Расул жауып тұрған оқтың астымен еңбектеп жетті де, танкіге қарсы қолданылатын гранатамен жау пулеметінің үнін өшірді. Ол ДОТ-қа жеткен соң оның түтін шығатын мұржасына граната лақтырып, дұшпанның 24 солдатын тұтқынға алды. 1944 жылғы 11 қазанда жау бекінісіне басып кіріп, осы ұрыста жаудың 50 солдаты мен офицерін өлтіріп, оқ-дәрілері мен қару жарағын иемденеді. Осындай ерліктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Нәтижесінде ержүрек Есетовке 1945 жылы 9 мамырда Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысу бақыты бұйырды.

1980 жылы Р.Есетовке Закарпатьеден хат келді. Онда Ясинья поселкелік кеңесі оны Жеңістің 35 жылдығы күндері Ясиньяға мейман болып кетуге шақырту алып, «Ясинья поселкесінің құрметті азаматы» атағы беріледі. Сонымен қатар, 2005 жылы Мәскеуде өткен Ұлы Жеңістің 60 жылдығы мерекесіне арналған салтанатты шерудің де құрметті қонағы болды. Кеңес Одағының батыры Расул Есетов 2009 жылы өмірден озды.

2015 жылы 10 желтоқсанда Түркістан қаласындағы №20 жалпы орта мектепке Расул Есетовтің есімі беріліп, 2018 жылдың 8 мамыр күні жерлесімізге арналған ескерткіштің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Соғыстағы ерліктері үшін Р.Есетовтің кеудесіне «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медальдары тағылса, Кеңес Одағының көптеген медальдары және ордендері қан майдандағы қаһармандығы деп білеміз.

Соғыс қашанда адамзат баласына қасірет пен қайғы, орны толмас өкініш қана алып келеді. Біз соғысты көрген жоқпыз, зеңбіректің дүрсілін, оқтың ысқырығын естімедік. Сондықтан, бейбіт өміріміздің қадірін бағалай білуіміз керек. Әсіресе, түркістандық 4 Кеңес Одағы Батырларының өткен өмір жолдары мен елі үшін жасаған ерліктерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіспіз. Халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің тұтастығы мәңгілік болсын!

Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.