ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ

392

Қазір біздің тілімізде «қазақстандық патриотизм» деген сөз бар. Пайда болғанына көп болған жоқ: он шақты жылдың жүзі. Жастар жиындарында, оқу-білім ордаларында, елдік мәселе көтерілген мәжілістерде жиі айтылады.

Мықты идеологияның құралы – әрине, тіл. Яғни, қуатты сөз. Сол қуатты сөздер қатарында «қазақстандық патриотизмнің» орны ерек. Расында да, бұл сөз жас өскінді қанаттандырады, азаматты арқаландырады. Елім-жерім деген жанның жүрегін нұрға толтырып, ұлттық рухын көтереді. Ата-баба, салт-дәстүр, ұрпақ сабақтастығы, атамекен туралы, т.т. түсініктерді тереңдетуге, ұлттық болмысты қалыптастырып, Отан-анаға адал қызмет етуге жетелейді. Бұл сөз халықты бірлікке үндейді, мемлекет тұтастығына қызмет етуге шақырады. Сол себепті де, қазақстандық патриотизм ұғымының әр жүректе берік орнығуына атсалысу – әр отандасымыздың міндеті.

Әр отандасымыз, жұмыс-оқу бағдарының түрлілігіне байланысты, айналыса алмаса да, бұл міндетпен күнделікті тіршілігі біте қайнасып жататын әскери өмір бар. Шекарашылар, қарулы күштер, құқық қорғау органдары, сондай-ақ білім ұялары да қалыс қалмай, бәрі қасиетті Отан үшін жас ұрпақты ел патриоты болуға тәрбиелейді. Солардың қатарында мектеп пен колледжде өтетін алғашқы әскери дайындық пәні де бар. «Патриот» сөзін ең көп қолданатын да осы пәннен сабақ беретін мұғалімдер шығар. Иә, Отан, туған жер, атамекен жайлы адамды жігерлендіре түсетін әндерді де хормен орындатып, мағына-мәнін түсініп, ынта-ықыласпен шырқауға үйретіп, осындай елдік маңызы жоғары іс-әрекеттерді асқан ыждаһаттылықпен жүзеге асырып, жастарды елжанды, ата-баба аманатын арқалай алатын айбынды азамат етіп жетілдіруде ұстаздардың еңбегі орасан.

Сол ұстаздардың күшімен жылда сәуірдің соңында ұйымдастырылатын әскери оқу-жаттығу жиыны Сарыағашта биыл да апта бойы ойдағыдай өтті. Жалпы жиында патриоттық әндерді шырқаған оғландар сарбаз формасында сап түзеп, жауынгерлік іс-қимылдарды көптің назарына ұсынды. Спорттық сайыстарға түсіп, күштерін, қарым-қабілетін сынады. Жеңіс тұғырынан көрінгендер марапатталды.

Қазақстандық патриотизм осы бір, өскелең жастың жауынгерлік оқу-жаттығуынан кейін іле-шала келетін Қазақстан халықтарының бірлігі, одан кейінгі Қазақстан Республикасының қарулы күштері және Ұлы Жеңіс күні мерекелерінде ерекше күш алып, жалындап, Отанды сүюге, туған жерді қорғауға, мемлекет тұтастығының кепілі – халық бірлігін сақтауға үндейді. Әр мерекенің мазмұны жағынан өзіндік ерекшелігі бар десек те, сипаты мен мақсаты тұрғысынан бір-бірімен сабақтасып жатқаны айқын. Айтулы күндердің қадірін қазақстандық патриотизм ұғымын санасына терең сіңіргендер ғана ұғына алмақ. Ол үшін балалықтан басталатын білім мен тәрбие алу үрдістерінде халқымыздың бар байлығы саналатын — ел тарихы мен туған жер, Отан-ана, ана тіл, ұлттық дәстүр секілді құндылықтарды әрдайым құрмет тұтуды үйреніп, «қазақстандық патриотизм» сияқты ұранға айналған сөздерді әр кез ту ету керек. Өйткені, елдік ұрандар жанға қуат береді, ұлттық рухты көтереді, бірлікті нығайтады.

Базаркүл ОРАЗБЕКҚЫЗЫ