ДЕСАНТШЫ ЖАУЫНГЕРЛЕР ОҚУШЫЛАРҒА МАМАНДЫҚТАРЫ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕП БЕРДІ

158

Отан қорғаушылардың кәсіби мерекесіне арналған шаралар шеңберінде Қонаев гарнизонының 32363 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті.

Әскери бөлімге бес жүзге жуық ұл-қыз келді. Олар жауынгерлердің қызметімен және күнделікті тұрмыс-тіршілігімен  танысты. Сондай-ақ, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың, байланыс құралдарының және десантшылардың арнайы жабдықтардың үлгілерін көрді.

Десантшылар қоян-қолтық ұрыстың элементтері мен кедергілер жолағын еңсеруді, сонымен қатар, әуеден жерге секіру алдындағы дайындық курсынан өтетін әуе-десанттық кешенінің мүмкіндіктерін көрсетті. Десантшылар парашютпен секіруді жетік меңгергенге дейін барлық іс-қимыл элементтерін жетілдіріп, парашют жиынтығын салу кезеңдерін меңгереді.

Жоғары сынып оқушылары әскери бөлімінің тарихы мен атақты десантшы Василий Маргеловтың ізбасарларының даңқты дәстүрлері туралы естіп білді. Олар барлық, тіпті халықаралық дәрежедегі оқу-жаттығуларда, жоғары кәсіби деңгейдегі және күрделі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау қабілеттерін көрсетті. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің маңызды құрамдас бөлігі – әуе-десанттық дайындығы. Осы дайындықтың арқасында десантшылар кез келген жағдайда күндіз және түнде де парашютпен секіруді сенімді түрде орындап жүр.

Кездесу барысында оқушыларға әскерде қызмет атқарғаннан кейін еліміздің жоғары оқу орындарына оқуға түсу шарттары, әскери қызметтің ерекшеліктері мен әскери қызметшінің мәртебесі туралы айтылды. Мүмкін, осы шараның арқасында орта мектеп оқушыларының бірі болашағын әскери мамандықпен байланыстыратын болар.