БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

96

Кезіндегі тарихи оқиғалардың салдарынан түрлі этнос өкілдері елімізге қоныс аударды. Берекелі қазақ жері миллиондаған тағдырды тоғыстырды, пана болды. Пайымды парасат пен терең түсіністіктің арқасында талай ұлттың өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты.

 

 

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның табысында елімізді мекендеген барша азаматтың лайықты үлесі бар. Осы кезеңдегі басты жетістігіміз – халқымыздың ауызбірлігі болса, ынтымағымыз – бейбіт аспанымыз бен еселі еңбегіміздің жемісі болды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 17 этномәдени бірлестік берекелі бірлік жолындағы бастамаларды үнемі қолдап, қуаттаудан шет қалған емес.
«Түрі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір» этнос өкілдері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Тұғырлы татулықты ту еткен сан алуан ұлт өкілдері қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, шаһардың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.
Биыл этноұйымдар қалалық ассамблеямен бірге «Адамгершілік – алғыс айтудан басталады», «Татулық – тірегіміз!», «Армысың, әз-Наурыз!», «Сольналь», «Масленица», «Сумалак», «Рождественские встречи» сынды қоғамдық-көпшілік іс-шараларды өткізді.
«Достық» үйінде ашылған «Бірлік» алаңында мемлекеттік тілді практикалық тұрғыда оқытып-үйрету бастау алды. Қалалық ассамблея мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» қолға алған жобаға қызығушылар көбейіп, қазақ тілін үйренушілер күн санап артып келеді. Қазіргі таңда тіл меңгеруге ынталы азаматтар оқудан, жұмыстан тыс уақытта «Бірлік» алаңында бас қосып, қазақша сөйлеудің қыр-сырын меңгеруде.
Мемлекеттік тілді этнос өкілдері арасында дәріптеуді қолдау мақсатында «Мың жүйрік», «Мен қазақша сөйлеймін», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мәміле», «Мың бала» сынды жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазақтың ұлттық тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау бағытында «Қазақтану» мәдени ағартушылық жобасының кешенді іс-шараларын нәтижелі іске асыру жоспарда бар.
Биыл кездесулер жаңа форматқа көшіріліп, «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру көзделуде.
Осы бағытта құрамына қалалық ассамблея құрылымдарының өкілдері енген ақпараттық-түсіндіру тобы І тоқсанда этнос өкілдері жинақы қоныстанған шағынаудандар мен тұрғын алаптарда 20 кездесу өткізсе, жастар контингентімен 19 жүздесу ұйымдастырды. Сондай-ақ, тілдік, нәсілдік кемсітушіліктің алдын алу бағытында 7 еңбек ұжымымен кездесті. Мұндағы мақсат – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіріп, тұрғындармен пікір алмасу, этносаралық жағдайға әсер ететін мәселелерді зерделеп, татулыққа сызат түсіретін жайттардың алдын алу.
Ассамблея қайырымдылық шаралардан қалыс қалмай белсенділігімен ерекшеленеді. Биыл қаламыздағы этнос кәсіпкерлері бауырлас Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге қомақты қаражат жинап, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жергілікті 300 отбасыға азық-түлік таратты.
Ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, медиация кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» сынды ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттер аясында ішкі бірлікті бекемдеуге атсалысуда.
Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесуде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ішкі саясатта бірлік пен татулыққа баса мән беру қажеттілігіне ерекше тоқталды. «Осындай күрделі кезеңде халықтың ауызбіршілігі айрықша маңызды. Берекенің көзі – ынтымақта. Бұл сөздің астарына үңілсек, береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат. Ел тыныштығын сақтай алсақ қана, өсіп-өркендей аламыз», деді.
Экономикамызға инвестиция тарту ісінде де жергілікті этноұйымдар тарапынан белсенділік байқалады. Бүгінде қалада Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Польша, Өзбекстан сынды мемлекеттермен 15 инвестициялық жоба табысты жүзеге асуда. 2023-2025 жылдары шетелдік инвесторлардың қатысуымен тағы 6 инвестжобаны қолға алу жоспарда бар.
Биыл Шымкенттің еліміздегі ірі мегаполистер қатарына қосылып, республикалық деңгейдегі қала мәртебесін алғанына бес жыл толады. Мұндай дәрежеге өздігінен оңай келген жоқпыз. Халқымыздың көптігімен, дамуға деген мүмкіндігімізбен және ерік-жігеріміздің мықтылығымен жеттік.
Осы уақыт аралығында қаламыздың инженерлік инфрақұрылымын жақсарту, экономикаға инвестиция тарту, баспана құрылысын жандандыру және әлеуметтік саладағы түйткілді проблемалардың түйінін тарқату бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылды.
Біздің арман-ниетіміз – Шымкентті тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыру. Көздеген мақсат-межеге жету жолында біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ерінбей еңбек етуіміз керек.
Бұл тұрғыда қалалық ассамблея мүшелері ырысты ынтымақ пен берекелі бірлік жолын жалғауға лайықты үлес қосады деген сенімдемін.

Мұрат Әйтенов,
Шымкент қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы