ЖЕЛДЕЙ ЕСКЕН ЖҮЙРІКТЕР

161

Шымкентте 17 қыркүйекте өтетін жеңіл атлетика марафонына тіркеу басталды. Дәл қазіргі уақытта қатысушыларды shymkent-marathon.kz сайтында тіркеу қызу жүріп жатыр. Талап бойынша, спортшылар алты қашықтықты таңдай алады. Атап айтқанда, олар – Beginner (5 шақырым ), Runner (10 шақырым), Half Marathon (21 шақырым), Marathon (42 шақырым), Scandi (5 шақырым скандинавиялық жаяу жүру), Ekiden (42 шақырым).

Ekiden туралы нақтырақ ақпарат беріп кетсек дейміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл корпоративтік спорт сайысында қатысушылар трассада жүгіреді. Команда мүшелері арасында 42 шақырым 195 метр қашықтық ретімен алты кезеңге бөлінеді, яғни 5 км, 10 км, 5 км, 10 км, 5 км және 7 км 195 метр.
Марафонға қатысушылар жас санаттары бойынша – 10-нан 14 жасқа дейін, 15-тен 29-ға дейін, 30-дан 39-ға дейін, 40-тан 49-ға дейін, 50-ден 59-ға дейін, 60-тан 69-ға дейін, 70-тен және одан жоғары жас санаттарына бөлінеді. Уақыт шегіне келетін болсақ, барлық бес шақырымдық қашықтыққа – 1 сағат, 10 шақырымға – екі сағат, 21 шақырымға – үш сағат, 42 шақырымға – алты сағат беріледі. Жарыс кезінде волонтерлар мен маршалдар қатысушылар бағыт пен бұрылыстарда қателеспеу үшін нұсқаулықтар беріп отырады. Жүйріктер шөлдемес үшін әрбір 2,5-3,5 шақырым сайын ұйымдастырушылар ауыз су бекеттерін қояды.

Сондай-ақ 21 шақырым және 42 шақырым қашықтықтағы жарыста бұрылыстарда ауыз су және тамақтану бекеттері (изотоникалық сусындар мен тәттілер) орналасып, қатысушылар ыңғайына қарай суды жарты литрлік бөтелке немесе стақандармен пайдасына жарата алады. Трасса аумағы санитарлық аймақ болып табылғандықтан бөтелкелер мен стақандарды жол жиегіне қауіпсіз лақтыруға болады. Ұйымдастырушылар жарыстың соңында оларды алып тастайды.
Айта кетейік, барлық қашықтық бойынша жүлдеге ие болғандар марапатталады. Ал қатысушыларды тіркеу 2023 жылғы 16 қыркүйекте сағат 17.59-да немесе жеке қашықтықтарға бөлінген слоттар шегіне жеткенде аяқталады.