«VISIT SHYMKENT —ҚАЛАНЫҢ БАС РЕСЕПШНІ»

412

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Шымкентке 13 029 шетелдік турист келген. Ал, шаһарға іскерлік мақсатпен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Беларуссия, Қытай, Франция, Үндістаннан туристер тіркелген. Туризм саласын дамыту сөз болғанда, әуелі, транспорт пен сервистік қызметтерді күшейту маңыздылығы айтылады. Бүгінде Шымкентте республика ішілік 4 бағытта 8 халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған. Олардың қатарында, Стамбул, Мәскеу, Кутаиси, Шарджа және Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Семей қалалары бар.

Жаз маусымы басталысымен Шымшаһарға қыдырып келушілер саны артады. Дегенмен, қалада қай нысанға баруға болады? Көрікті жерлер мен тарихи нысандар орналасқан аймақтарға қалай барамыз? Өзге қала тұрғындарының қызығушылығын тудыратын дәмді әрі арзан тағамдардың дәмін қайдан татамыз? Бұл – қалаға келуші әрбір саяхатшының көкейіндегі сұрақтар. Осы және өзге де туризм саласындағы сауалдарға жауап іздеп, Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан СҮЙІНДІКҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Ерлан Сүйіндікұлы, ақпараттық орталықтың негізгі мақсаты қандай? Сіздер көрсететін қызмет түрлері туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

 

– Шымкент қаласы республикадағы маңызды үшінші мегаполис статусын алғаннан бері инвестиция, инфрақұрылым саласы қарқынды дамып келеді. Бұған қоса, туристік потенциал да жоғарылай түсті. Өйткені, қала дамып жатқаннан кейін туристік нысандар саны көбейеді. Қала аумағы кеңейгеннен кейінгі тарихи орындар мен жаңа нысандарды тұрғындар да, қонақтар да біле бермеуі мүмкін. Әлемдік үрдісте, дамыған елдердің көбісінде туристерге арналған ақпараттық орталықтары бар. Сол тәжірибені біз де енгізіп, қала әкімінің тапсырмасымен Visit Shymkent ақпараттық орталығы құрылды. Орталық — қаланың бас ресепшні. Басты мақсаты – бір терезе қағидатымен ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету, маркетингтік ілгерілету. Шымкент қаласының аумағындағы туристік нысандарды республика ішінде, шетелдік нарықта насихаттау. Ашылғанымызға екі жылдан аса уақыт болды. Бастапқыда тек туристер үшін қызмет көрсетсек, қазір іскерлік бағытта ірі компаниялар, қала қонақтарымен де жұмыс істейміз. Компаниялар тарапынан бірлесе жұмыс жасауға көптеген ұсыныстар түседі. Яғни, басқа қалалардан келетін делегация өкілдеріне қаланың көрікті жерлерін көрсету бүгінде жақсы бір үрдіске айналды. Мұндай ұсыныстарға ешқашан жоқ демейміз. Спорттық, мәдени іс-шаралар болсын барлығына қолдан келгенше ақпараттық бағыт беріп, тегін гид қызметін ұсынамыз, бағдарламасын жасап, экскурсия ұйымдастырып береміз.

–Мегаполис болғанға дейін туристер мен қонақтардың қандай нысандарға қызығушылығы басым еді? Бес жыл ішіндегі өзгерістер, яғни қазіргі туристердің көп баратын аумағы жайлы айтып өтсеңіз?

– Мегаполис қонақтарына 17 туристік маршрут бойынша 100-ге жуық туристік нысанды ұсына аламыз. Саябақтар, мұражайлар, тарихи орындар, демалыс базалары қала қонақтарына қызмет көрсетеді. Шымкентте туристерді қабылдайтын 125 бизнес нысан тіркелген. Оның екеуі бес жұлдызды қонақ үй. Сондай-ақ, қалада 1 904 қоғамдық тамақтану орны бар. Оның ішінде 185 бар, 313 кофехананың болуы — саяхатшылар үшін өте қолайлы. Бүкіл әлемді жайлаған пандемиядан кейін Шымкетте ғана емес, барлық қалаларда ішкі туризм бойынша бір серпіліс болды. Шетелдерге шығатын шекаралар жабылғаннан кейін, қалаішілік қатынаулар көбейді. Бір жағынан қазіргі кезде әлеуметтік желінің дамуы да қалаға туристерді көптен тартады. Республика бойынша қаламыз туристер келу жағынан осы уақытқа дейін 5-6-орындарда көрініп жүрсе, былтырғы жылы үшінші орынға шықтық. «Шаһар несімен қызықтырады» деген сұрағыңызға келсек, әрине Шымкент –көне қалалардың бірі. 2200 жылдық тарихы бар қала болғаннан кейін біздің Ескі қалашық, көне Сайрам, қаншама ғасырлық археологиялық нысандарымыз соның ішінде, Хызыр мұнарасының тарихы сыртқы туристерді ғана емес қазіргі уақытта қала тұрғындарын да қызықтыра бастады. Өйткені, соңғы кездері адамдар демалатын, көңіл көтеретін орындарға қарағанда сайын даланың тарихын білуге құштарлығы артқан. Сырттан келетін туристерге Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандығы бар, тоғыз жолдың торабындағы көне шаһар деп біздің қалаға міндетті түрде соғып өтеді. Жалпы айтатын болсақ, әлемнің түкпір-түкпірінен келген кез келген туристерге қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге дайынбыз.

– Мемлекет тарапынан қай салаға болмасын қазіргі таңда қолдау көп. Мұның бәрі экономикамызды көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламалар. Туризм – экономиканың бірден-бір қайнар көзі. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан туризм және креативті индустрияны дамытуға қандай қолдау бар?

– Иә, дұрыс айтасыз адамдар бұрындары туризм саласына тек саяхат, қыдыру деп қана қараса, қазіргі уақытта экономиканы дамытудың басты драйвы ретінде танып-біледі. Себебі, турист келгенде елге онымен бірге ақша келеді, кәсіп дамиды. Сондықтан да мемлекет бұл салаға салғырт қарамайды. Қазақ туризмнің eQonaq деп аталатын бағдарламасы бар. Бұл жүйе туризм саласын талдауға, мониторинг жасауға бірден-бір себеп болды. Ол арқылы қандай турист, қай елден, не мақсатпен келгендігі жазылады. Ең басты өзгерістердің бірі, ол турбизнес саласында да арнайы мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы серпін берді. Атап айтсақ, қандай да бір қонақ үй немесе демалыс орнын салатын кәсіпкерлерге мемлекет 10 пайыздық шығынын өтеп береді. Туризм саяхатына автобус немесе көлік алған жағдайда 25 пайыз субсидия беру қарастырылған. Отбасылық саяхатты қолдау үшін Kids Go Free бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бойынша Қазақстан ішінде турпакет сатып алған жағдайда 14 жасқа дейінгі балалардың ұшақ билеті субсидияланады. Туристер көп жүретін аумақтарда орталыққа қарасты 7 ақпараттық киоск: «Арбат» демалыс аймағы, темір жол вокзалы, әуежай және «Абай», «Наурыз», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақ сынды қаланың халық көп шоғырланатын нүктелеріне орналастырылған дүңгіршіктерміз бар. Ақпараттық буклеттер, карталарымыз, гид экскурслог мамандарымыз мемлекет қолдауымен тегін қызмет көрсетуде.

– Қазіргі таңдағы Шымкент қаласының ең басты туристік нысанын атап өтсеңіз?

 

– Қала қонақтарының сұранысына ие болып отырған Shymqala тарихи-мәдени кешені Ескі қалашықтың жаңа бейнесіне айналды. Кешен 2018 жылы ҚР туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік деңгейдегі ТОП-50 туристік картасы нысандарының тізбесіне енгізілген. Қамалдың тарихы тереңде жатыр. Ондағы ата-бабаларымыздың көне заманғы дәстүрі мен мәдениеті қала қонақтарын қызықтырады. Ол жерге турист тарту мақсатында қалалық мәдениет басқармасы да атсалысып, түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастыруда. Енді қамал туралы айтып өтетін болсам, Шымкенттің тарихын анықтау мақсатында тарихи археологиялық қазбалардың бірнеше кезеңдері жүргізілгені белгілі. Бұл қазбалардың қорытындысы бойынша екі ірі халықаралық конференция өткізіліп, оған Қазақстан, Канада, Бельгия, Ресей, Өзбекстан елінің танымал тарихшы ғалымдары қатысты. Қамалда тереңдігі 17 метрлік шурф бұрғыланып, бұл жерге ең алғаш тұрақты қоныстанушылар Қангөй мемлекеті дәуірлеп тұрған кезде шамамен 2200 жыл бұрын қоныс тепкені расталды. Қаланың дәл осы алқаптан бой көтеруі жоғары қарай екі шақырым қашықтықта жатқан бұлақтан бастау алатын ғажайып Қошқарата өзенінің болуымен байланыстырады. Енді айта берсек, тарихы терең. Оны көзбен көру керек. Өкінішке орай, туристерден бұрын өзіміздің қала тұрғындары ол қамалдың қайда екенін біле бермейді.

– Сөзіңіз аузыңызда, қамалдың қайда орналасқанын білмейді деп қалдыңыз, шындығында, арнайы мерекелік іс-шаралар болмаса, кіріп- шығып жүрген адамды көп көре бермейміз. Мұның себебі неде?

– Shymqala тарихи-мәдени кешеніне жасалған жоспардың талаптарға сай жүзеге асуын бақылау мақсатында 15 адамнан тұратын сарапшы топ құрылған. Сарапшылар құрамында туризм саласының эксперттері, гидтер, өлкетанушылар, архитекторлар, қонақ үй басшылары, Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен мұражай өкілдері болған. Мамандардың айтуынша, алдағы он жылда Ескі қалашық мегаполистің жаңа брендіне айналмақ. Яғни, Shymqala тарихи-мәдени кешеніне келетін туристер ағыны шамамен он есеге артады деп күтілуде. Ішкі туристер саны 50 пайызға ұлғайып, жергілікті келушілер жылына жарты миллионға жуық адамды құрамақ. Яғни, 2030 жылға қарай нысанға келушілер саны жылына 1 миллиоға артады деген болжам бар.

Әлемдік тәжірибені енгізу үшін іссапармен көптеген елдерде боламыз. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, кішкене артта қалу байқалады. Мәселен, көршілес Өзбекстандағы Бұқара, Самарқандтағы қамал, Бакудегі ескі қаланы айтсақ, ол жерлерде ескі қаланың орнынан бұрын басымдық сол маңайдың тұрғындарына, немен айналысатындығына берілген. Яғни біреуі зергер, біреуі қолөнерші дегендей сол дәуірдің атмосферасына кіріп кеткендей боласың. Біз де осы бағытты дамыту жағын қолға алудамыз. Туризм — көзге көрінбейтін, күнде дамитын сала. Оның үстіне қазір маңайында жол құрылысының жүріп жатқаны да ол жаққа баратын қонақтарға қиындық тудыруда. Жалпы, бізде саяхаттау, тауға шығу мәдениеті енді ғана қалыптасып келеді.

– Түркістанға барсақ, кесененің мүсінін, Ақтауда теңіздің суреті бейнеленген кәдесыйларын алып қайтамыз. Әр қаланың басты нышанын айшықтайтын бұйым, кәдесыйлары бар. Бұл да туризмнің дамуына септігін тигізеді. Шымкенттің символы не? Кәдесыйлар қайда дайындалып, қай жерлерде сатылады?

– Visit-Shymkent.kz туристік порталы мен мобильдік қосымшасы аз ғана уақыт ішінде қала қонақтарының бағдарына айналып үлгерді. Портал арқылы қала аумағында болып жатқан мерекелік іс-шараларға, тарихи-мәдени нысандарға, театр қойылымдарына билет ала аласыз. Портал қолөнершілердің бұйымдарына тапсырыс беруге, қалаға ұшып келетін рейстер таблосын көруге, ұшақ және темір жол билеттерін сатып алуға, гид-экскурсоводтардың қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Кәдесыйлар жөнінде кәсіпкерлерге ұсыныс беріп жұмыс атқарудамыз. Шымкент атына заты сай жасыл желектің, қызғалдақтың мекені болғандықтан, қызғалдақты бейнелейтін төсбелгілеріміз бар. Былтырғы жылы «Бәйдібек би» монументі бейнеленген статуеткалар шығардық. «Shymkent», «17», деген жазулар бейнеленген кепка, футболкаларымызды қала жастары мақтанышпен киіп жүреді, келген қонақтарына сыйға тартады.

– Әңгімеңізге рахмет!