БЕС ЖЫЛДА БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС БИІК

245

Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесін беру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына биыл 19 маусым күні 5 жыл толады. Осынау айтулы датаға орайы қала әкімі Мұрат Әйтенов Астана қаласында орналасқан ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне үшінші мегаполистің өткен бесжылдықтағы дамуы жолы, атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер жайлы баяндап берді.

Мұрат Дүйсенбекұлы жаһандану процессінде бүкіл әлемде урбандалу әлі де қарқынды жүріп жатқанын, қазір әлемдік тренд – бәсекелестік елдер емес, ірі қалалар арасында жүріп жатқанына тоқталып, өркениет пен капиталдың негізгі бөлігі мегаполистерде шоғырланатынын атап өтті. Шаһар басшысының айтуынша, Шымкент те осынау әлемдік трендтен тыс қалмай, уақыттың талабына сай дамуды көздейді.

Осы орайда, М.Әйтенов Шымкентте экономиканың негізгі салаларында орнықты даму барын жеткізді.

– Көрсеткіштерге келетін болсақ, соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар қала экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Экономиканың орнықты дамуы бюджет көлемінің артуына ықпал етті. Қала бюджеті 5 жылда 4 есе көбейіп, 146 милиардтан 642 миллиард теңгеге жетті, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

 

Қала әкімі биылғы өткен 5 айда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция көлемі – 22 пайызға, құрылыс жұмыстары – 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы – 73 пайызға, ал, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқанын атап өтті.

– Ендігі кезекте қаланың стратегиялық дамуына көп мән беруіміз қажет. Бірінші кезекте – қаланың бас жоспарын демографиялық өсім қарқынына байланысты қайта қарап, жаңадан әзірледік, — деді М.Әйтенов.

Сондай-ақ, қаланың 5 жылдық даму жоспары қайта қаралып, басым салаларды белгіленген. Шымкентте экономиканың дамуына тың серпін беріп отырған саланың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған 5 өндірістік алаң бар. Онда жалпы құны 350 миллиард теңгенің 335 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр.

Брифинг барысында қала әкімі тағы да 5 өндірістік алаң ашылатынына тоқталып өтті.

– Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд. теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Қала әкімінің айтуынша, жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады, – деді М.Әйтенов.

Сонымен қатар шаһар басшысы Президент тапсырмасына сәйкес, сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік-Хаб құру жұмыстары басталғанына да тоқталды. Бұл жоба 2023-2027 жылдар аралығында іске асырылады екен. Кеңейтілген аймақта 47 млрд. теңгеге қосымша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Ал, «Стандарт» жеке индустриялық аймағына 30 млрд. теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

М.Әйтеновтің айтуынша, Шымкент бизнес жүргізуге қолайлы қалаға айналып келеді. Мәселен, 2018 жылы белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мың болса, бүгінде бұл көрсеткіш 140 мыңнан асқан.

 

– «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 17,9 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 3 176 жобаға 7,9 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламадан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 1,4 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл ретте, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін несиелендіру қаралған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған, атап айтқанда 2 пайыздық мөлшермен 50 млн. теңгеге дейін несиелер алуға болады.–деді қала әкімі.

Сондай-ақ брифинг барысында өнеркәсіптік парктерде үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәспорындардың жалдау ақысының шығындары — 1-ші жыл 75 пайыз, 2-ші жыл 50 пайыз, 3-ші жыл 25 пайыз үлеспен өтелетіндігін атап өтті. Бүгінде «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге, жыл басынан 5 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілген.

Сонымен қатар Мұрат Әйтенов Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамыту, құрылыс, халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, цифрландыру және өзге де салалар мен бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы жан-жақты баяндап өтті.

Өз кезегінде журналистер қауымы қала әкіміне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оған толық жауап алды.