КҮРЕ ЖОЛДАР ҚҰРЫЛЫСЫ – КЕПТЕЛІССІЗ ҚОЗҒАЛЫС КЕПІЛІ

202

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы құрылыс нысандарын аралады. Әуелі, Шымкентті Ташкент-Алматы бағытында айналып өтетін А-2 магистральды автомобиль жолының қайта жаңарту жұмысымен танысты. 8 кезеңге жоспарланған құрылыстың жалпы ұзындығы — 31 шақырым. Қазіргі таңда 1-ші, 3-ші кезеңнің жұмысы және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды.

 

 

М.Әйтенов жауаптылармен бірге аталмыш нысанның Ынтымақ шағынауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралығындағы 2-ші кезеңнің құрылыс барысын қадағалады. Жобаға сәйкес, мұнда ені 30 метр, 4 жолақты жол құрылысы жүргізілуде. Оның екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, жолаяқ, жарық шамдар орнату қарастырылған. Мердігер мекеме құрылысты 15 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, А-2 айналма жолының Алаш базары маңында жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Нысан 1 қыркүйекте пайдалануға берілмек.

Шаһар басшысы Өтегенов көшесі құрылысының 1-кезеңі, Шымкент Сити шағын ауданы мен Сырым батыр көшесі аралығында атқарылып жатқан құрылыс жұмысын тексерді.
Бүгінде жол құрылысы аяқталуға жақын. Бұл аралықтың жалпы ұзындығы 970 метр, ені – 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Нысанда, алдымен, автомобиль жолына жер негізін салу және тығыздау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда асфальт жабындысының екінші қабаты төселіп жатыр. Шағал тас төсеу, ирригациялық жүйелер, тротуар орналастыру жұмыстары толығымен аяқталған.
Нысан құрылысының 2-кезеңі Сырым батыр мен Төлеметов көшелерінің аралығы қамтиды. Аралықтың жалпы ұзындығы 1,2 шақырым, ені – 28 метр. Мұнда да автомобиль қозғалысына 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.

 

Қазіргі таңда жол негізін салу, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары, жаяу жүргіншілер жолын салу және суағарлар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс барысын ширатып, нысанды мерзімге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Мұрат Әйтенов ары қарай 15,5 шақырымға ұзартылып жатқан Қонаев даңғылындағы жол құрылысын бақылады. Шымкенттің оңтүстік бағытындағы күре жолдың жүктемесін азайту мақсатында қолға алынған құрылыс 6 кезеңнен тұрады.

Нысан құрылысының 2-ші кезеңі 1,7 шақырымды құрайды. Мұндағы 6 жолақты күре жолдың ені – 42 метр. Бүгінде құрылыс жұмысының 35 пайызы орындалған.
Жыл соңына дейін Қонаев даңғылының Түркістан көшесінен теміржолға дейінгі аралығын қамтитын 2-ші кезең аумағының бір бөлігін көлік қозғалысына ашу жоспарланып отыр. Шаһар басшысы жауаптыларға құрылыс қарқынын арттырып, нысанды уақытында қолданысқа беруді бақылауды тапсырды.