ТУЫСЫНЫҢ ҮЙІНЕН АЛТЫН БҰЙЫМДАРЫН ҰРЛАҒАН ЖАС ЖІГІТ АНЫҚТАЛДЫ

155

Сайрам аудандық полиция басқармасына ұрлық қылмысының құрбаны болған жергілікті тұрғыннан шағым келіп түсті. Әйелдің айтуынша, күндізгі уақытта белгісіз біреу оның үйіне кіріп, шкаф ішіндегі тұрған 5 дана алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге 600.000 теңгеге жуық шығын келген.Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында сайрамдық тәжірибелі сақшылардан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынып, үйдің айналасы мұқият қаралды. Тиянақты тексерудің нәтижесінде бір тәулікте күдіктінің оның жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ол жәбірленушінің туысы, жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті жас жігіт оңай жолмен пайда табу мақсатында қараусыз тұрған туысының үйіне кіріп, алтын бұйымдарын жымқырған. Ұрлаған алтындарды ломбардқа өткізіп, бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.