МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МАҚСАТЫНДА МАҢЫЗДЫ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

225

Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қатынастарды қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мен бастамалары туралы хабардар ету үшін Мақтаарал ауданы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында семинарлық кеңес өтті.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Есімжан Надировтың ұйымдастыруымен өткен шараға аудан прокуроры Айтболат Досаев, аудан әкімнің орынбасары Бейсенбай Төребеков, сонымен қатар Мақтаарал аудандық прокуратура өкілдері, кентпен ауыл округтерінің барлық әкімдері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, пробация қызметі, адами әлеуетті дамыту бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, денсаулық сақтау өкілдері, Мақтаарал ауданы әкімінің және ауыл әкімдерінің жанындағы құрылған қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиын барысында полиция майоры Е.Надиров баяндама жасады. Ал полиция подполковнигі Қасымхан Сатыбалдиев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілді толығырақ таныстырып, түсіндіріп өтті.

Кеңес барысында соңғы кездері өзекті мәселеге айналған интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол қауіпсіздігі жағдайларының алдын-алу шаралары бойынша жоспарлар талқыланды. Сондай-ақ полиция бөлімінің жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстары бойынша арнайы слайд пен бейнероликтер көрсетілді. Жиын соңында жиналғандар «қылмыссыз қоғам құру» жолында жұдырықтай жұмылып, жұмыс жасауға келісті.