ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 ТӘУЛІКТЕ ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ 200-ДЕН АСТАМ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

187

Түркістан облысы аумағында ағымдағы жылдың 22-24 мамыр аралығында «Жасөспірім және жауапкершілік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты-кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына жол бермеу.

Осы бағыттағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында полицейлер, аулаларды, скверлерді, кафелерді, ойын-сауық орындарын және жастар мен кәмелетке толмағандар көп шоғырланатын басқа да аймақтарды тексерді. Сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Мәселен «Жасөспірім және жауапкершілік» іс-шарасының алғашқы тәулігінде ювеналды полиция қызметкерлері 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 9 әкімшілік хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беру) бойынша-7, 432-бабы 1-бөлігі (21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын сату) бойынша-5 және 200-бап бойынша (алкоголь өнімін өткізу бойынша ҚР заңнамасының талаптарын бұзу) 7 бұзушылық анықталды.

Сондай — ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі бойынша 13 хаттама толтырылды. Ал заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болғаны үшін-ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен 150-ден астам дерек анықталды. Сонымен қатар құқық бұзушылыққа бейім 24 кәмелетке толмағандар мен 27 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.

Полицейлер атап өткендей, мұндай іс-шараларды өткізу құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азайтуға ықпал етеді. Одан бөлек бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.