ӘКЕСІНІҢ КӨЛІГІМЕН ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕРЕЖЕСІН БІРНЕШЕ РЕТ БҰЗҒАН ЖАСӨСПІРІМДІ ПОЛИЦЕЙЛЕР АНЫҚТАДЫ

233

Түркістан полицейлері Сарыағаш қаласындағы көшелерде кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің «Hyundai Sonata» маркалы автокөлікті басқарып, тәулік бойы жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғанын анықтады. Осы факті бойынша жедел жұмыстарды атқарған полицейлер жасөспірімнің 16 жастағы Сарыағаш қаласының тұрғыны екенін анықтады.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы «Бағдаршамға тыйым салу сигналына немесе реттеушінің тыйым салу қимылына жол жүру» және ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.

Белгілі болғандай жасөспірім әкесінің көлігін басқарған. Сондықтан жасөспірімнің әкесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі «Көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға не көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамға беру» бойынша шара көрілді.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушының көлігін Сарыағаш қаласындағы айыптұраққа қойды. Полицейлер тарапынан құқық бұзушыға жол апатына ұшырап, айыптұраққа жеткізілген көліктер көрсетіліп, түсіндірме жүргізілді.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Есіңізде болсын, жол қателікті кешірмейді!