ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР 34 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН

167

Шымкент қаласы прокуратурасы жергілікті құқық қорғау мен уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» жобасын іске асыруда.

Шымкент қаласы прокуратурасының 2023 жылдың 6 айда атқарылған жұмыс қорытындылары жөнінде ақпараттық-коммуникациялық орталықта баспасөз брифингі өтті. Қала прокуроры Ғабит Мұқанов жыл басынан бері азаматтардың құқығын қорғау, қылмыстың алдын алу, бизнесті қорғау, коммуналдық тарифтерді төмендету және тағы басқа бағыттардағы жұмыстарды баяндады.

Ғабит Қасымбекұлының мәлімдеуінше, 2023 жылдың 6 айында қалада 3508 қылмыс тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 34 пайызға төмендеген. Қылмыстардың басым бөлігі – алаяқтыққа қатысты. Ол жалпы қылмыстың 37,5 пайызын (1316) құрап отыр. Ұрлық жасау (1056), есірткіге қатысты (295) қылмыс та негізгі көрсеткіштердің бірі.

– Қылмыстық істердің 56 пайызы (1967) сотқа жолданды. Қазіргі таңда жасөспірімдер қылмысы алаңдатып отыр. Әрине, құзырлы органдардың күшімен мұны толықтай шешу мүмкін емес. Қызметкерлеріміз профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы орайда ата-аналарға үндеу жасаймын. Оларды балалардың тәрбиесіне көңіл бөліп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қадағалауға шақырамын. Осы мақсатта жұмыстарды бірлесе атқаруымыз керек, – деді қала прокуроры.

Шымкент қаласы прокуратурасы жергілікті құқық қорғау мен уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» жобасын іске асыруда.

Сондай-ақ, Ғ.Қасымбекұлы коммуналдық тарифтерді төмендету, бизнесті қорғау, құқықтық білімді арттыру жобасы және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыс барысына тоқталды.

Брифинг барысында қала прокуроры Ғ.Мұқанов, қала прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиев БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.