ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТЫҢ ЖОБАЛАР ОҢ ІСКЕ БАСТАЙДЫ

175

Қазақстан әлеуметтік бағыт-бағдары айқын, тұрақты мемлекет ретінде танылған. Соның ішінде, үшінші мегаполис атанған Шымкентте халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. 2021 жылы 50 455 отбасыға көмек көрсетілген болса, былтыр атаулы әлеуметтік көмекке 16 595 отбасы өтініш білдірген. Яғни, мемлекеттен уақытша көмек алушы отбасылар саны бірден 67 пайызға төмендеген. Былтыр 5 айда 13 778 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған болса, биыл салыстырмалы уақыт аралығында 10 794 отбасыға көмек көрсетілген. Мемлекеттен уақытша көмек алушылар қатарының 22 пайызға азайғанын байқауға болады. Ал, жұмыспен қамтылып, өз кәсібін дөңгелеткен шымкенттіктердің қатары керісінше артуда. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан НАРБЕКОВАМЕН осы және өзге де сауалдармен арнайы сұқбат жүргіздік.

– Балмаржан Полатқызы, халықтың тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып, тұрмысының түзелгені, кәсіпкерлік қолдау алып, өз кәсібін ашып, нәсіптерін тауып жүргендері қуантады. Мемлекеттен көмек алушы отбасылар қатарының кемігені де көңілге демеу. Осы жетістікке халық арасында жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалардың әсері қандай?

– Әрине, тұрақты жұмысқа орналасып, өз кәсібін дөңгелетіп, тұрмыс-жағдайын жақсартқандарын көргенде қуанамыз. Ең бастысы, еңбекке қабілетті азаматқа екі қолға бір күрек демекші, жұмыспен қамту басты мақсатымыздың бірі. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасымен қаладағы 5 ауданнан жұмыспен қамту орталықтары ашылған болатын. Ол да өз кезегінде өз жемісін беруде. Биылдың өзінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы» шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Жоспардың 59 пайызы орындалып отыр. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2 347 адамға кәсіпкерлігіне қолдау көрсету көзделген болса, қазіргі таңда жаспар артығымен орындалып, 8 460 адамға кәсіпкерлік бағытында қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 8345 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқуға тіркелген. 447 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтініш білдіріп, оның ішінде 115 азаматтың жобасы арнайы комиссияның шешімімен мақұлданды. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 6 065 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі. Қазір нақты мемлекет есебінен еңбекақы төленетін аталмыш жұмыс орындарымен 5 488 адам қамтылды. Оның ішінде, «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар практикасы», ақылы қоғамдық жұмыстар, «Алғашқы жұмыс орындарының жобасы», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» жобасы бар. Мүгедектігі бар азаматтарды да жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл тұрғыда басқармаға қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты өтеді. Сала мамандары тағдыр тауқыметін тартқан жандарға қолдау көрсетіп, сұраныстарына сай жұмыс орындарына орналастыруға тырысады. Еңбек құқықтарының сақталуын қадағалай отырып, ақпараттық, құқықтық қызметтерін көрсетуде.
Көңіл қуантарлық жағымды ақпараттың бірі – Шымкентте тегін оқу курсын бітірген 200-ден астам көпбалалы ана жеке кәсіппен айналысып жатыр. Көп балалы аналар бұған дейін аз қамтамасыз етілген отбасы санаты бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Енді олар өзгелерге жұмыс тауып беруге де қол жеткізіп отыр. Аналар алдымен басқармаға қарасты «Бақытты жанұя» орталығында тегін оқу курсын бітірген соң, үй жағдайында жеке кәсіптерімен айналыса бастайды. Нәтижесінде кәсіптерін дөңгелетіп, табыс табуда. Олардың ішінде 61 әйел сұлулық салоны, тігін шеберханасы мен массаж кабинеті сынды жеке кәсіптерін ашқан. Атап өтсем, орталықта киім пішу және тігу, құрақ тігу, компьютерлік және шаштараз, SMM, маникюр-педикюр курсы мен дефектолог, логопед, балалар және ересектерге арналған массаж, кондитерлік 14 тегін оқу курстары бойынша оқытады. Соңынан сертификат беріліп, жұмыспен қамту шаралары да қарастырылған. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізетін аталмыш орталық әйелдерге ақпараттық қолдау, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжаттарды тапсыру немесе алу қызметтері, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелулеріне көмек көрсетеді. Жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 806 азаматқа психологиялық құқықтық көмек берді.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату бағытындағы ауқымды реформаларының маңызды бағыттарының бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл бағытта Шымкентте ауқымды жұмыстар жүзеге асып келеді.

– Жаңа Әлеуметтік кодекстегі әлеуметтік қызмет көрсету саласын жаңғыртудың бір бағыты – мүгедектегі бар адамның бос отбасы мүшелерін әлеуметтік қызмет көрсетуге тарту болып табылады. Бұл қаншалықты нәтижелі болмақ?

– Тәжірибе көрсеткендей, оңалту жұмыстары кезінде жақын адамдарының қолдау білдіруі оң нәтиже көрсетті. Сол себепті отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде тіркелуге мүмкіндік беріледі. Бұрын бұл қызметті жеке көмекші атқарып, ол үшін оған ақы төленбейтін және еңбек өтілі жүрмейтін. Енді бұл қызметті көрсету үшін тиісті дағдылардың, адамның қабілеттілігі мен біліктілігі болуы шарт. Олардың еңбегіне ақы төленіп, әлеуметтік төлемдер жүргізіліп, ал зейнетке шығарда жұмыс өтілі ретінде есептеледі. Тағы бір басымдық, мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық құралдар классификаторын қайта қарастыру. Қазіргі таңда классификатор 60 түрден тұрады. Еңбек министрлігінің жанынан құрылған жұмыс тобымен техникалық көмекші құралдарының тізбесі, протездік-ортопедиялық және сурдологиялық көмектер, тифлотехникалық құралдар, арбалар, сондай-ақ курорттық емдеу, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтері, оларды пайдалану мерзімі мен сатып алудың шекті бағаларын қайта қаралатын болады.
Сондай-ақ, әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беріледі. Олар енді мүгедектігі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарауға, өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылайды. Сонымен қатар, өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады. Тағы бір өзгеріс – әлеуметтік қызметкерге деген квалификациялық талаптар мен олардың мәртебесін көздейтін нормаларды енгізіледі.

– Әділетті қоғам құру мемлекет ұстанған басты қағида. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға Қазақстан азаматтары теңдей қол жеткізуі тиіс. Осы тұрғыда Әлеуметтік кодексте көрсетілген «Отбасының цифрлық картасының» көмегі қаншалықты деп ойлайсыз?

– Әлеуметтік Кодекстегі негізгі жаңалықтардың бірі – «Отбасының цифрлық картасы». Енді отбасы және әлеуметтік жағдай туралы барлық дерек бір жерге жинақталып, базаға енгізіледі. Отбасының цифрлық картасы, біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. Кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі. Электронды жаршы қызметін жоғарыда айтқанымдай жанданады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіледі.

– Қаламызда 39 000-нан астам мүгедектігі бар азамат бар болса, оның 8000-ға жуығы балалар екен. Жаңа Әлеуметтік кодекс бойынша бұл балаларға қандай жағдай жасалмақ?

– Шымкент «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесін ашқан болатын. Бұл – республикадағы 8 өңірдің ішінде бірінші болып ашылған мекеме. Сонымен қатар биыл тағы алғаш рет «Қамқорлық» орталығы ашылды. Ерекше балаларға қызмет көрсететін орталықтың жобалық қуаты 110 балаға арналған. Ал, қазірдің өзінде 40-қа жуық бала ем қабылдап жатыр. Орталықтың психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Аутизмі бар бала асырап отырған әр бір ата-ана үшін бұл мекемелердің маңыздылығы зор. Сондай-ақ менталды ауруы бар балаларды шипажайлық-курорттық емдеу ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, пилотты түрде жүргізілетін болады. Бұрын баланы сауықтыру корорттарына жіберу үшін ақыны ата-ана өздері төлейтін болса, бұл жоба бойынша 70 пайызын Үкімет төлейді. Бұдан басқа, Әлеуметтік кодексте 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін енгізу көзделген. Мұндай өзгеріс бірінші рет енгізіліп жатқанын ескере отырып, бұл жоба да пилоттық болып басталмақшы. 2023 жылдың шілде айынан бастап 7 өңірде сыйымдылығы 50 баладан аспайтын шағын жинақты үйлерде арнаулы қызмет көрсетудің пилоттық жобасы іске асырылатын болады. Осы 7 өңір ішінде Шымкент қаласы да бар. Соңғы уақытта сапалы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осыған орай балалардың оңалту құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін «Техникалық оңалту құралдары инновациялық фабрикасы» жобасы биыл басталады. Бұл жоба «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп қолға алынады. Бұл жобалар тараптардың пікірін ескере отырып, жыл соңында тәжірибе жүзінде енгізіледі.

– «Бүгінгі күні азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процесстері толық цифрланып, «Электрондық еңбек биржасы» арқылы жүзеге асуда. Осыған байланысты, Кодексте қазіргі жұмыспен қамту орталықтарын аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін мобильді орталықтарға трансформацияланатыны айтылды…

– Жыл сайын елімізде 300 мыңнан астам жас еңбек жасына жетеді. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын осы жастар анықтауда. Бүгінгі күні жастар жұмыспен қамтылғандардың 60 пайызын құраса, ал 2030 жылға қарай олар барлық жұмыс күшінің 80 пайызынан асады. Сонымен қатар, цифрландыру мен автоматтандырудың әсерінен жұмыс орындарындағы технологиялық процестер жылдам өзгеріп, жаңа кәсіптер пайда болды.
Осыған байланысты Ұлттық біліктілік жүйесін қайта қарастырып, жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін үздіксіз біліктілікті арттыру жүйесін құру қарастырылды. Еңбек делдалығын арттыру мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде 1 шілдеден бастап еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Ал, халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылып отыр. Шымкент қаласындағы 5 аудан бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтары еңбек мобильділігі орталығына бағынысты мансап орталықтары болып жұмысын бастады.
Жұмыспен қамту, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сынды қызметтер өзгеріссіз, бұрынғы мекенжайлар бойынша орналасатын мансап орталықтарында жалғаса береді. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында жасалған істер көп. Алдағы уақытқа жоспарланған игі істердің де ауқымы кең. Бастысы халықтың мұң-мұқтажы, өзекті мәселесі назарда.