ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ БОЙЫНДА ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ҚАН ҚЫСЫМЫ ӨЛШЕНІП, ПОЛИЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАПТАР БЕРІЛДІ

192

Түркістан облысының полицейлері 2 күн қатарынан ұйымдастырылған республикалық «Жолда қабылдау» іс-шарасы аясында жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге жол бойында жүргізушілердің қан қысымын өлшеп, полицияға қатысты туындаған барлық сұрақтарына жауаптар берді.

Сонымен қатар, жол ережесін қатаң сақтау туралы арнайы ескертпесі мен заң баптары жазылған жаднамалар таратты. Полицейлердің талдауы бойынша жыл басынан бастап 6 ай ішінде облыста 200-ден астам жол көлік оқиғасы орын алып, шамамен 90 адам қаза тапқан. Сондықтан жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аталмыш акция облыстағы 17 ауданда ұйымдастырылуда.

Облыс орталығы Түркістан қаласында «Керуен сарай» кешені, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы және Сауран шеп бекетінде ұйымдастырылса, аудандық полиция құрылымдары адамдар көп шоғырланған орын ретінде өз аумақтарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында өткізді.

Іс-шараның 2 күнінде полицейлер шамамен 300 адамды қабылдап, құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында көмек көрсетті.