МАЙДАНТАЛДЫҚТАР ТОҚАЕВТЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

298

Майданталдың халқы Ынталы ауылында ҚР Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалициясының Сауран аудандық қоғамдық штаб мүшелерімен кездесті.

Кездесудің мақсаты – ауыл тұрғындарын кандидаттың сайлауалды бағдарламасын насихаттау, ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстармен және алдағы атқарылатын істермен таныстыру.

Аталған іс-шараға Сауран аудандық қоғамдық штаб мүшелері Раматуллаев Арслан, Мусаев Сейдахмет, Кипшакбаев Темірхан мен Жарылқасынов Балтабай қатысып, ауыл тұрғындарына алдағы сайлаудың маңыздылығын түсіндірді, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын насихаттау жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында Б. Жарылқасынов Қ.К.Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасында алдағы үш жылда ауылдық аймақтарды барынша дамытуға басымдық берілетіндігі, ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш салынатындығы және игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырылатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданып, бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланғанын, жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресу басты мақсаттардың бірі екендігін және медицина саласына баса мән беріліп отырғандығы жайлы айтылды.

Кездесу соңында Мусаев Сейдахмет жиынға қатысушыларды Қ.К.Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасында аталған басымдылықтарға қолдау көрсетіп, ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды.