ТҮРКІСТАН: АҒАШТЫ «СӨЙЛЕТІП», ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШЕБЕР

194
Жетісай қаласында ата кәсіпті нәсіп еткен, темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған Базарбай Бейсенов есімді ерекше шебер тұрады.
Он саусағынан өнер тамған ұстаның қолынан шыққан бұйымдар бүгінде сұранысқа ие. Ешқандай жарнаманың көмегінсіз-ақ үйіне іздеп келіп, тапсырыс беріп жатады. Көктемде мемлекеттен 1 млн 225 мың қайтарымсыз грант алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Мемлекеттің қолдауымен берілген қаржыға ұста шеберханасын қажетті құрал-саймандермен толықтырған.
Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөзі дәл осы Базарбай Бейсеновке қарата айтылғандай. Өйткені, қолынан келмейтін ісі жоқ. Үйлерге жылыту құбырларын кіргізіп, темірден түрлі бұйымдар жасайды. Кейбір азаматтар секілді денсаулығын сылтау етіп, мемлекетке масыл болып отырған күні болған емес. Керісінше, қасына адам алып, тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал, ағаш өнерімен бала күнінен айналысады екен. Ескірген сандықтарды жаңалап, тұтынушының талғамына сай сапалы тақтайға ою-өрнек бедерлеп береді. «Мұндай сандықтар ұзақ уақыт реңін жоғалтпайды» дейді шебердің өзі.
Өз ісіне тыңғылықты, жауапкершілігі мол шебердің қолынан шыққан бұйымдардың бағасы да қалтаға қонымды болғандықтан тұтынушының көңілінен шығып жатады.
Ата-баба кәсібін жаңғыртып жүрген оның бұл кәсібіне перзенттері де қызығушылықпен қарайды. Енді олар да әке жолын жалғап, алдағы уақытта отбасылық бизнесті дамытуға мүдделі.