ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА «ЕРЕКШЕ» КОЛЛЕДЖГЕ ЖЕДЕЛСАТЫ ОРНАТЫЛЫП ЖАТЫР

183
Кентау қаласында еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледждің ерекше оқушылары үшін оқу орнының тарихында алғаш рет жеделсаты орнатылып жатыр.
Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп әуреге түскен.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауының арқасында 15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдемек. «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемеге лифт орнату мәселесі қордың Қамқоршылық кеңесінің оң шешіміне ие болды.
«Қор арқылы мүмкіндігі шектеулі студенттер оқитын Кентау қаласындағы мамандандырылған кәсіптік колледжге жеделсаты салуға 36 млн теңге бөлінді. Бұрын қоларба қолданатын студенттерге баспалдақпен көтерілу қиындық тудыратын. Ал олардың жалпы саны жалпы оқушылардың 60%-ын құрайды. Қазір лифт шахтасын салу және жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізіліп, балалар жаңа оқу жылын жайлы жағдайда бастайды», — деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150 бала психологиялық-педагогикалық қолдаудың тегін курстарынан өтіп, жалпы сомасы 16,4 млн теңгеге логопедтің көмегін алмақ. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жұмыс істеген жылдары еліміздің әлеуметтік саласын жақсарту және өңірлік бастамаларды дамыту бойынша көптеген жобаларды іске асырды. Еліміздің әртүрлі өңірінде тұратын қазақстандықтарға білікті әрі дер кезінде көмек көрсету ҮЕҰ-мен жұмысқа арқау болды.
Қор арқылы 2023 жылдың басынан бастап жалпы сомасы 4,4 млрд теңгеге 27 әлеуметтік жоба мақұлданған. Ал Түркістан өңірінде 2017-2023 жылдары 1,7 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асты. Оның ішінде «Қамқорлық» оңалту орталықтары, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы оқушыларға мектеп құралдарын алып беру, мектепішілік санитарлық тораптар орнату және ауылдық медицина нысандарына жаңа жедел жәрдем көліктерін табыстау сияқты қадамдар бар.