СУ АРНАСЫНЫҢ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ 65%-ҒА  ОРЫНДАЛДЫ ЖӘНЕ АРҒЫМАҚ ЕЛДІМЕКЕНІ КӨГІЛДІР ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

191

Шымкент қаласы аумағындағы 34 су арнасының 8-іне биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның үшеуі бүгінде аяқталып, бесеуінің жұмыстары жалғасып жатыр. Соның бірі «Сасық-1» су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басына барып, жауапты басқарма мен мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті.

Аталған су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары талқыланып, алдағы жоспарларға шолу жасады. Каналдың жалпы ұзындығы  14,1 шақырым.

Су арнасының жұмыстарына жауапты мердігер мекемеден 17 техника және елуге жуық жұмысшы тартылды. Қазіргі таңда бетон блоктары орнатылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Арнайы өлшем жүргізіліп, жерді құрылыс жұмыстарына дайындап, бетондалған арық жүйесі орнатылуда. Жалпы жұмыстың қазіргі таңда 40%-ы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша жоба биылғы жылдың қазан айында аяқталу белгіленген.

Қала әкімі мердігер мекеме басшылығына су арнасын пайдаланатын шаруалармен де кездесіп, құрылыс жұмыстарын тұрғындарға тиімді етіп ұсынуды тапсырды.

АРҒЫМАҚ ЕЛДІМЕКЕНІ КӨГІЛДІР ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы кешенді жоспар аясында бүгінде Тұран ауданы аумағындағы Арғымақ елдімекеніне табиғи газ жеткізілді. Былтырғы жылдың соңында Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамту құрылысы толық аяқталды.  Техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерде абоненттеу жұмыстары жалғасып, нәтижесінде 564 абонент табиғи газға қосылады.

Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағын ауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша құрылыс  2024 жылы аяқталады. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ 1, 2 кезең құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаржы толық қаралған жағдайда 2024 жылы аяқтау жоспарлануда.