КҮРЕЖОЛДАР КЕПТЕЛІСТІҢ АДЫМЫН КЕСЕДІ

196

Республикалық маңызы бар үшінші мегаполисте стратегиялық маңызы бар ірі жолдарда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Кезең-кезеңмен жүріп жатқан жолдардың құрылысы аяқталса, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызады әрі миллионнан аса халық тұратын қаладағы көлік кептелісін азайтады. Апта басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ташкент – Алматы» бағытындағы магистралды А-2 автомобиль жолы, Өтегенов көшесі жалғасының 2-кезеңі және Бәйдібек би-Арғынбеков күре жолы қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылыс сапасын бағамдап қайтты.

«Ташкент – Алматы» магистралы 65%-ға дайын

Шаһардағы алып жол құрылыстарының бірі – «Ташкент – Алматы» бағытындағы магистралды А-2 автомобиль жолы. Қаланы айналып өтетін А-2 магистралы қазір қайта жаңартылу үстінде. Аталған жолдың құрылысы 31 шақырымнан тұратын 8 кезең бойынша жүргізілуде. Нысанның 8-ші кезеңі Бәйдібек би даңғылынан «Шымсити» шағынауданына дейінгі аралықты қамтиды. Бекітілген жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым автомобиль жолының ені 40 метр, 6 жолақты. Құрылыс нысанында бригадалар қазір инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жол негіздерін салу, суағар құбырларын тарту және асфальт жабындысын салу сатысында қызу жұмыс жүргізіп жатыр.

Мұрат Дүйсенбекұлы мұндағы жол құрылыс жұмыстарының бүгінде 65 пайызға орындалғанын ескере келе, істі соңына дейін сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ, жол құрылысы барысында заңсыздықтарға бой алдырмауды, қажетті жер аумағы мемлекет қарамағына қайтарылуын міндеттеді. А-2 магистралы пайдалануға берілсе, қаланың экономикалық, әлеуметтік даму көрсеткішіне оң әсерін тигізбек.

«Негізгі жол салынып бітті»

Қаланың даму жоспарына сәйкес, қарқынды құрылыс жүріп жатқан келесі нысан – Өтегенов көшесі жалғасының 2-кезеңі. Екінші кезеңдегі құрылыс жұмысы Сырым батыр және Төлеметов көшелері аралығын қамтиды. Жоба бойынша жалпы ұзындығы – 1,2 шақырым, ені – 28 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.

Қазіргі таңда мұнда жол негізі салынып, көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ кестеге сай жаяу жүргіншілер жолы салынып, суағарлар, инфрақұрылым жүйелері орнатылуда. Жалпы, жұмыс 70 пайызға аяқталған.

Жалпы ұзындығы 2,3 шақырымдық Өтегенов көшесі жалғасының құрылысын 2 кезең бойынша толық аяқтап, пайдалануға беру жыл соңына жоспарланып отыр. Сондай-ақ М.Дүйсенбекұлы Солтүстік батыс шағын ауданындағы Өтегенов көшесінен Шұбаркөл көшесіне дейінгі аралықтағы Найзалы көшесінің жол құрылыс жұмыстарымен де танысты. Жобада аталған көшеге төселетін асфальт жабындысының ұзындығы – 2 шақырым.

Биыл Солтүстік батыс шағын ауданындағы 2,6 шақырымды құрайтын Найзалы және Келешек көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жол құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес іске асырылуда. Жауапты мамандар 2024 жылға Тарақтас, Алтындала тұйығы, Нұрлы таң №1,2,3,4,5,6 көшелерінің тұйығына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізілетіндігін атап өтті.

Жалпы, Солтүстік батыс шағын ауданының жалпы аумағы 39,7 шақырымды құрайды, оның 33,6 шақырымы асфальт жол. Қала әкімі жауаптыларға жұмысты әлі де жүйелеп, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жауаптыларға қадағалауды күшейтіп, жұмыстардың нақты орындалуы бойынша есеп беруді міндеттеді.

Үш деңгейлі жолайрықтың құрылысы қызу

Бәйдібек би-Арғынбеков күре жолы қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысы қазір қарқынды жүргізіліп жатыр. Жолайрық салу барысында кестенің сәйкестігі мен сапасын қадағалауда қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысанын аралап шықты. М.Дүйсенбекұлы құрылысқа қатысты нақты ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысанның жұмыстарын атқару кезінде сапаға деген жауапкершілік ең маңызды екеніне тоқталды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 5 мамырында халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жолайрықтың Арғынбеков көшесіндегі тұсы ашылған болатын. Ал 10 шілде күні Арғынбеков көшесінен келе жатқан көлік ағынына, сондай-ақ Бәйдібек би даңғылына түсетін оң жақ өткелдің көлік қозғалысына жол ашылды. Құрылыс жұмыстарын осылай ыңғайластыра отырып, көлік кептелісін азайту мақсатында жол кезең-кезеңімен ашылуда.

Ал, жолайрық құрылысын толық аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын түгел қамту биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр.