ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК КҮНІ ЕРЕКШЕ АТАЛЫП ӨТЕТІН БОЛАДЫ

325

«21 қыркүйекте «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын, еңбек ардагерлерін, өндіріс озаттарын және т.б. марапаттау рәсімдері өтетін болады». Осы және басқа да мерекелік іс-шаралар туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығының баспасөз алаңында Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлы БАҚ өкілдеріне Шымкент қаласында «Еңбек күнін» атап өту аясында өтетін іс-шаралар туралы  арнайы брифингте айтып өтті.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» екендігін алға тартты.

Аталған басымдықты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 14 желтоқсандағы № 1004 қаулысымен «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілетудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, қоғамымыздың барлық салалаларында тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» № 689 қаулысымен қыркүйектің соңғы жексенбісі – «Еңбек күні» болып бекітілген.

Осыған орай Министрлік тарапынан 2023 жылғы 28 тамызда «Еңбек күнін» мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілгендігін атап өткен спикер, Шымкент қаласында «Еңбек күніне» орай жоспарланған нақты іс-шаралар туралы айтып берді.  Атап айтқанда:

— 15 қыркүйектен бастап Азаматтардың барлық санаттарына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, жұмыссыз жастарға және т.б. жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша бос орындар жәрмеңкелері, Ашық есік күндері өтеді;

— 16, 17 қыркүйек күндері А.С.Пушкин кітапханасында «Еңбек галереясы» фотокөрме өтеді;

— 20 қыркүйектен бастап кинотеатрлар мен кинозалдарда еңбек адамдары туралы көркем және деректі фильмдерді көрсету жоспарлануда;

— 20 қыркүйектен бастап «Менің жетістігім – менің нәтижем» ұранымен Еңбек күніне арналған спорттық іс-шаралар өтетін болады;

— 20 қыркүйекке дейін #EnbekEri хэштегі бойынша еңбек адамдары туралы ең үлгілі әңгімелер бойынша онлайн байқауы қорытындыланатын болады.

Сонымен қатар, бұған дейін «Еңбек жолы» конкурсының өтетіндігі хабарланған болатын. Конкурс ережесінің талаптарына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша өңірлік деңгейде іріктеу жұмыстары жүргізіліп, «Еңбек жолы» конкурсына жалпы 38, оның ішінде: «Үздік еңбек әулеті» номимнациясына – 4; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына – 10; «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясына – 24 үміткер қатысуға ниет білдірді.

Қазіргі уақытта аталған конкурс қорытындыланып, жеңімпаздары анықталды. 21 қыркүйекте «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын, еңбек ардагерлерін, өндіріс озаттарын және т.б. марапаттау рәсімдері өтетін болады.

Қорытындылай келе, қала тұрғындары мен қонақтарын «Еңбек күніне» арналған іс-шараларға қатысуға шақырамыз!

Сонымен қатар, барша жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді мерекемен құттықтай отырып, «Еңбек күнін» өз ұжымдарыңызда атап өту мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамыз.

 

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы