ОҢАЛТУҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ ОРТАҚ  ТАЛҚЫЛАНДЫ

218

Шымкент қалалық Әділет департаментінде Адам құқықтары жөніндегі өкілдің қатысуымен арнайы жиын өтті. Басқосуда ерекше бала тәрбиелеп отыған аналардың әлеуметтік қамтамасыз ету мен оңалту шараларына қатысты мәселелері талқыланды. Бұл мәселені жан-жақты зерделеу үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қалалық филиалы басшысының орынбасары Т.Дауытов, психикалық денсаулық сақтау орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері арнайы шақырылған.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар 18 жастан кейін мүгедек жандар үшін ешқандай оңалту емі қаралмағанын, ІІ топтағы мүгедек баланың денсаулығына байланысты І топқа өткізу ісінде қиындық көптігін айтуда. Бұл мәселеге Төрехан Дауытов егер аналар баласына мүгедектік тағайындау қорытындысына келіспеген жағдайда еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің қалалық филиалына шағымын жеткізуге болатынын айтты.
–Мүгедектікті тағайындау ең алдымен учаскелік дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жаңа қабылданған нормативке сәйкес, адами факторды болдырмауда мүгедектікті куәландыру онлайн жүзеге асып жатыр. Ата-аналар мұнымен келіспеген жағдайда біздің мекемізге келіп, өздерінің қарсылық шағымын жазбаша білдіруге болады. Осы арызды негізге алып, сараптамалық топ науқас баланың денсаулық жағдайын көзбе-көз көріп, куландырады, – деді Т.Дауытов.
Ал, 18 жастан кейінгі мүгедек жандарды оңалтуы жайында әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының өкілі Раушан Сейдакпар жауап берді.
–18 жастан асқан аутизм, психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек жандарды толық стационарда оңалту үшін 2019 жылы 100 орындық орталық ашылған болатын. Қазір онда 70-тен аса науқас қызмет алып жатыр. Жартылай стационар бойынша басқарманың әлеуметтік қызметтер порталына 15 ата-анадан өтінім келіп тұр. Осындай қажеттілікке байланысты біз ұсыныс әзірлеп, бұл бағытта қызмет көрсететін орталық ашу үшін оның нормативтерін негізге алып, қала әкіміне ұсыныс берілді. Қазір №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан 30 орындық оңалту бөлімін ашуда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді жауапты маман.
Жиында әр тарап өз ойын білдірді. Ең бастысы арнайы шақырылған спикерлердің жауабы шағым айтқан көпбалалы аналардың көңілінен шықты. Шымкент қаласының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Нұржан Әбдезов кез-келген азаматтың құқығын қорғау жолында талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

БИБАЙША НҰРЖАНҚЫЗЫ

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»