КӘСІПКЕРЛІКТІ ОҢАЛТУҒА СЕРПІН БЕРДІ 

185

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Жолдау жарияланған күннен бастап фракция мүшелерімен бірге жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Әр фракция мүшесі тұрғындармен кездесіп, Шымкент қаласында атқарылатын жұмыстар жайында да хабардар етуде.
Күні кеше Жолдауды талқылауға байланысты партияның қалалық филиалында «Талқылау» диалогтік алаңшасы өтті. Оған қаламыздың сарапшылары, фракция мүшелері, БАҚ өкілдері, атқарушы органның қызметкерлері қатысты. Мұнда Жолдауға байланысты әр сала бойынша аймағымызда іске асырылатын жұмыстарды нақтыладық.
Фракция жетекшісі ретінде Жолдаудың ерекше бағытына тоқталып өтейін. Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласында кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасалған. Осыған орай, Жолдауда шағын орта бизнес субъектілерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтатын болсам, соңғы жылдары Президент қабылдаған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастағанын білесіздер.
Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең деп айтуға болады. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді деп атап өтті. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек деген тапсырма жүктеді.
Бүгінгі таңда еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірленсе дейміз. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.
Жолдауда Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн деп санады. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек екенін де жеткізіп отыр.
Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Осы жерде атап өтейін, Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан.
Қалада бүгінгі таңда 130 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс жасайды. Жыл басынан 8 айдың ішінде олардың саны 20 мыңға артқан.
2023 жылдың 1-тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 213,7 мың адам жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,8%-ға өскен.
2023 жылдың қаңтар-наурызында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50,3%-ды құрады, оның ішінде орта кәсіпкерліктің үлесі 9,4%.
Кәсіпкерліктің басым бөлігі шағын бизнес өкілдері, орта кәсіпкерліктің саны 312 кәсіпорынды құрап отыр. Кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын тигізуде.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы өткен жылда бизнес субъектілері 96,3 млрд. теңгеге несиеленді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 100 млрд. теңгеден асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтыратынын атап өтті. Бұл жөнінде айтатыным, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының экономикасына 282,8 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 123,9 %-ды құрап отыр.
2023 жылы 721,7 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 32%-ға артуы күтілуде.
Сонымен қатар, 2023-2027 жылдары жалпы құны 1,8 трлн. теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 273 инвестициялық жобаның пулы жасақталған.
Ағымдағы жылы құны 142 млрд. теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба іске асырылып, 3900 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда.
Оның ішінде, 2023 жылы қала аумағында өңдеу өнеркәсібінің әртүрлі салаларында 14 кәсіпорынның ашылуы жоспарланған. Инвестициялық құны – 14,2 млрд. теңгені құрайды, жаңадан 380 жұмыс орындарын құру көзделген.
Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамның қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет деп тапсырма берді.
Сондықтан қаржылық сауаттылық арқылы кәсіпкерлікті дамытып, мемлекет тарапынан қолдау болатын болса, еліміздің экономикалық жағдайы одан әрі жақсарады деп санаймын. Өз кезегінде жұмыссыздық мәселесі шешіліп, қуатты аймаққа айналамыз деген сенімдемін. Жолдаудағы кәсіпкерлік саласына ерекше мән берілгені – елдің болашағы үшін жасалынып жатқан қадам болмақ.

Қайрат ИМАШЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»