«БАУЫРЛАСТАР ЗИРАТЫ» – ӨТКЕН ЗАМАННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

190

Шымкент қаласындағы орталық саябақ 1884 жылы ашылған. Ол басында «Патша бағы» деп аталған. 1988 жылы Шымкент уезінің бастығы Благовидовтың бұйрығымен оның аты қалалық қоғамдық бақ болып өзгертілген. Осы атау 1939 жылға дейін өзгеріссіз тұрған. Және сол уақытқа дейін саябақтың батыс жақ беті, анықтап айтқанда, арғы шеттегі Садовая (қазіргі Қонаев) көшесінің бойына дейінгі аумағы бос алаң болған. Сол алаңға 1919 жылы Шымкентте құрылған советтік полктың Ашхабадтағы Ровнин ауданында басмашылармен болған соғыста қаза тапқан бірнеше қызыл коммунарлардың, атап айтқанда, Крегер, Косарев, Ковалев, Вареха, Штонда, Вишневский, Комнатный, Корнилов сияқты әскери адамдардың мәйіттері жерленеді.

1930 жылы Созақта кеңес үкіметінің саясатына қарсы шыққан көтеріліс болады. Ол көтерілісті Шымкенттен арнайы барған қызыл әскерлер тобы аса қатыгездікпен басып-жаншиды. Сол соғыста да біраз қызыл әскерлер қаза табады. Олардың мәйіттерін арбаға артып әкеліп, 1919 жылы қоғамдық бақтың шетіне мүрделері қойылған жоғарыдағы коммунарлардың жанына жерлейді. Бір жылдан кейін олардың молаларының үстіне төрт бұрышты табыт іспеттес белгі орнатылады және көлемі онша үлкен емес төрт бұрышты беті қашалған тасқа олардың аттары жазылып қойылады.
Сол жылдары жергілікті кеңес органдарының басшылары сонау Ашхабад жерінде қаза тапқан қызыл коммунарларды және Созақ көтерілісінде оққа ұшқан қызыл әскерлерді қаланың тура ортасындағы бақтың ішіне неге әкеліп жерлеген деңіз. Бұл енді сол уақыттағы кеңестік саясаттың айқын көрінісі. Ол саясаттың екі астары болған. Бірі – жат жерде қаза тапқан шымкенттік қызыл әскер полкінің жауынгерлерінің есімдерін осынау мүрделер арқылы мәңгі жұрт есінде қалдыру болса, екіншісі – Созақ көтерілісін басқан қатыгез коммунарлардың айбынын асқақтатып, жергілікті жұртқа барлық кезде советтік күштің мысын білдіріп тұру еді. Тағы бір жағы – Созақтағы шаш ал десе, бас алатын кеңестік шолақ белсенділердің кедейлер көтерілісін кеңеске жаны қас, антисоветтік пиғылдағы бай-кулактардың іс-әрекеті деп ұғындырып, мына боздақтар сол теріс жолдағы бүлікшілерді жазалау кезінде жазықсыз шейіт кеткен батырлар деп көрсету мақсаты жатқан. Ал, расында, бұлар ешқандай да батырлар емес, тек өз замандарының саясатының қолшоқпарлары ғана болған әскери адамдар.
1939 жылы қалалық қоғамдық саябақ – қалалық орталық саябақ деп аталды. 1964 жылы Созақ көтерілісі кезінде өлген Клоков, Григоренко, Леонтьев, Дузен, Андреев, Трегубов, Захаров сияқты қызыл әскерлердің аттары жазылған төрт бұрышты тастың орнына үлкен тұғыртас орнатылады. Аты-жөндері тас гранит тас-тақтайшаға жазылып, тұғыртасқа ілінеді. Екі шетіне Ашхабадта өлген коммунарлардың тізімдері екі тілде ойылып жазылады. Тұғыртастың түбіне кеңестік коммунарлардың рух-есімдерін әспеттеу мақсатында мәңгі алау жағылып, артында қаз-қатар тізілген молаларының үстеріндегі төрт бұрышты табыт-белгілер де жаңартылады.
1960 жылдардан кейін саябақ аумағы барынша кеңейтіледі. Оның бос жатқан батыс жақ бетіне ағаштар отырғызылып, тұғыртас пен мәңгі алау кеңестік идеологияның бір жақты насихатының ықпалымен жастар тағзым ететін, жалпы жұрт бас иетін қасиетті орынға айналды. Осынау үгіт-насихаттың арқасында қалалықтар мәңгі алаудың түбінде бір кездері өз ата-бабаларын қырған басқыншы әскердің өкілдері жатқанын ұмытып, түрлі мерекелер кезінде ол жерге гүл қоюды тұрақты үрдіске айналдырған еді.
Біз 1990 жылдардан кейін осы тұғыртас советтік басқыншылық саясаттың көрінісі ретінде қойылған ескерткіш екендігін, сондықтан да, мұны алып тастау керектігі жайында талай рет мәселе көтерген едік. Алайда, ол кезде жергілікті үкімет орындарының тарапынан бұған еш қолдау болған жоқ. Бірақ бұл ескерткіштің шын мәнісі неде екенін айғақтайтын мәліметтерімізді мерзімді баспасөздерге жиі жариялап, сонымен қатар жергілікті билік органдарына оны алып тастау жөніндегі ұсынысымызды үнемі білдіріп жүрдік. Дегенмен біздің ұсынымыз бен талаптарымызға, сондай-ақ аталмыш тұғыртастың Тәуелсіз Қазақстан елі үшін түкке де керегі жоқ, одан соң баяғы 1919-1930 жылдар аралығында болған небір зұлмат кезеңдерде нақақ жазаланған ата-бабаларымыздың әруағын қорлап тұрған ескерткіш екеніне тек кейін ғана назар аудара бастады.
2000 жылдардың басында онда жанып тұрған мәңгі алау өшірілді. Одан соң 2001 жылы бұрынғы тұғыртас бұзылды. Алайда, 2012 жылғы орталық саябақты басқаша түрге ендіріп, жаңалау жұмыстары кезінде бұзылған құлпытастың орнына гранит тастан басқа ескерткіш орнатылып, коммунарлардың аты-жөндерінің орнына «Бауырластар зираты» деген жазу ілінеді. Оның арт жағында жатқан табыт іспеттес қабір-молалар да қайта жөнделіп, қара сырмен қалыңдата сырланып қойылды. Сол кездегі қала билігінің құлпытасты неге осындай түрде һәм не себепті бұлай қайта жасағанын – басқалар түгілі, оның саябақтан мүлдем алынып тасталуын талап етіп жүрген біз де білмей қалдық…
Содан бері де бұл мәселе талай көтерілді. Бірақ оның саябақтан алынып тасталуын іске асыратындар мызғыған жоқ. Ал біз өз талабымыздан еш уақытта қайтқан жоқпыз әрі тарихи әділдіктің орындалуын қадағалайтын ізгі ісімізді әлі жалғастырудамыз. Өйткені бір кездері ата-бабаларымызды қырған қызыл әскерлердің бейіттері үстіне қойылған белгілер мен тұғыртас қала ортасындағы халық көп жүретін саябақтың ортасында қасқайып, қазақтың мысын басып тұрмауы керек!
Тағы бір айтатын нәрсе – бұл ескерткішке «Бауырластар зираты» деген атау беру тіптен дұрыс емес. Бауырластар деген атау бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған. Анықтап айтқанда, сыртқы дұшпанмен соғысу кезінде қайтыс болған бір елдің бірнеше ұлттан құралған жауынгерлері топтанып көмілген моланы «Бауырластар зираты»» деп аталған. Ал Шымкенттегі саябақта жергілікті қазақтарды қынадай қырған басқыншы қызыл әскердің солдаттары жатыр. Ендеше, олардың моласы қалай «Бауырластар зираты» болады?..
Бір «саясаткерсымақтар» айтады, егер оны талқандап тастасақ, қаладағы орыс ағайындардың көңіліне келеді екен, наразылық болады-мыс. Бұл жерде Пушкин мен Лермонтовтың немесе басқа да әлемдік деңгейдегі орыс тұлғаларының мәйіттері жатқан жоқ. Одан соң совет үкіметінен қалған мұндай ескерткіштер Ресейдің өзінде баяғыда-ақ талқандалып тасталған. Сонда бізге қас болған, жалпы, қазіргі қазақ қоғамына, саясатына жат кеңес «батырларын» бізге әспеттеп не керек?..
Бірақ осы тұғыртас алдында, анау молалардың үстінде жастар отырып алып, ойларына не келгенін істейтінін, маскүнемдер арақ, сыра ішіп, ғашық жандар сүйісіп, көңілділері әндетіп, арғы жағындағы фонтан астында жас-кәрілер жалаңаш шомылып, қабірлерді мазақ қылып отыратынын неге ойламайды? Одан соң бұл жерде таза орыстан шыққан солдаттар аз. Көбісі – украин, поляк, еврей, белорусь сияқты басқа ұлттан. Бірақ, не десек те, қай ұлттың болса да өкілдері жатқан мола үстінде бүгінгі заман адамдары көңіл көтеріп, серуен құрып жүрулері адамгершілікке жатпайды.
Мейлі, бір уақыттарда кеңес үкіметі өз саясатын насихаттау мақсатында «аталған батырларын» осында қойған шығар. Алайда мұндай көрініс қазіргі тәуелсіз Қазақстан қоғамында адамдар демалатын саябақ ішінде болуы орынды емес. Сондықтан да, осы ескеркіш-тұғыртасты алып тастап, ал онда жатқан мәйіттерді басқа молаларға апарып жерлеу керек. Мұндай әрекет исламда да да, христианда да бар үрдіс.
Түсінген адамға бұл тұғыртас – не заманы өткен советтікі емес, не бүгінгі біздің елдікі емес, әйтеуір, мәнсіз қалыпта көзге сүйелдей болып қарайып тұрған мағынасыз бірдеңе болып тұр. Ал қазіргі қазақ пен кейінгі ұрпақ үшін түкке де керегі жоқ нәрсе екені онсыз да белгілі. Ендеше, тиісті орындар осы жайында тереңірек ойланып, осы мақалада айтылған мәселелерді шешуге тезірек талпыныс жасаса екен…

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,
жазушы.

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»