ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛЫП, ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КӨБЕЙЕДІ

Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндірістік жобаларды іске асыру мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында кеңінен талқыланды. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.
Жиын барысында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері қаралып, оларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру жолдары талқыланды. Сонымен қатар, 2025 жылы өткен халықаралық форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері мен алдағы жоспарлар сараланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды іске асыруда инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін рәсімдеу және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Басты мақсатымыз – Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру. Бұл экономиканың дамуына ғана емес, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету – негізгі міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Штаб отырысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылы инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің іске асырылу барысын баяндады.
2025 жылы Түркістан қаласының негізгі капиталына 502,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға артқан. Инвестициялардың негізгі бөлігі жеке және шетелдік қаражат есебінен игерілген.
Сонымен қатар, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 163,3 млрд теңгені құрайтын, 4 576 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2025 жылы 49,7 млрд теңгеге тең 4 ірі жоба іске қосылып, 916 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2026 жылға 114 млрд теңге көлеміндегі 12 ірі жоба жоспарланып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Түркістан индустриалды аймағында жалпы құны 19,8 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда 23 жоба толық іске қосылып, 957 адам жұмыспен қамтылған. Индустриалды аймақты кеңейту және «Түркістан-2» жаңа индустриалды аймағын құру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.








