ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП, ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың отырысында өңірдегі маңызды жобалар мен бірнеше аудан, қала әкімдерінің инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы есептері тыңдалды. Олардың арасында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.
Баяндама барысында ауданға инвестиция тарту, өндіріс көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Соңғы жылдары Ордабасы ауданында инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарып, бірқатар ірі жобалар іске асырылғаны атап өтілді.
Аудан әкімі өткен жылы жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орны құрылғанын жеткізді. Атап айтқанда, қыш зауыты, аллюминий профилі өнімдерін өндіретін зауыт, инновациялық темірбетон өндіретін өндіріс орны ашылған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда аудан экономикасына 173,8 млрд теңге инвестиция тартылып, оның ішінде 2025 жылы 59,6 млрд теңге игерілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.
Алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы да ақпарат беріліп, 2026 жылы жалпы құны 55 млрд теңгені құрайтын 57 жоба іске асырылып, 1163 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отырғаны айтылды. Жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, энергетика және туризм салаларын қамтиды.
Сонымен бірге аудан аумағында «Бадам» индустриялық аймағы мен «Темірлан» өндірістік паркін дамыту, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кезең-кезеңімен атқарылып жатқаны баяндалды. Қытай Халық Республикасымен бірлескен жобалар аясында өндіріс, агроөнеркәсіп және инновациялық бағыттағы бастамалар қолға алынған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жұмыс орындарын көбейтуге басымдық беруді тапсырды.








