ЖИҺАНКЕЗДЕР ӘЛЕМНІҢ 90 ЕЛІН АРАЛАЙДЫ
Оңтүстік кореялық ерлі-зайыптылар қысқа уақытта әлемнің 90 елін аралауды межеге қойыпты. Бұл сапар шамамен екі жылдай уақытқа созылмақ. Осы уақытқа дейін біршама елдерді аралап үлгерген саяхатшылардың жолы Шымкент қаласына түсті. Өткен аптада түс ауа редакциямызға келген жиһангездермен танысудың реті түсті.
Парк Хен Мин мен оның әйелі Шин Хо Сонның туристік сапары мамыр айында басталған. Бұл үшін арнайы автоүй сатып алыпты. 53 жастағы Пак Хен Миннің сырт келбеті мүлдем кореялыққа ұқсамайды. Пәкістандық азамат үш жасында ата-анасымен бірге Корей еліне қоныс аударып, содан бері өзін сол елдің азаматымын деп санайды екен.
–Мен Кореяда оқып, білім алып, сонда өз кәсібімді аштым. 13 жыл бұрын бірге жұмыс істеген әріптесім Шин Хо Сонға үйленген болатынмын. Содан бері екеуміздің қызығушылығымыз бен көзқарасымыз да бірдей. Екеумізде ел аралағанды, өзге ұлттың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен танысқанды ұнатамыз. Екі жылдық саяхаттың шығындарына шамамен 100 мың АҚШ доллары кетеді деп есептедік. Оңтүстік Корея бай мемлекет болғанымен мұндай шығынмен саяхаттау мүмкіндігі әрбір отбасында жоқ. Біздің табыс әкеліп тұрған жеке бизнесіміз бар. Мал өсіріп, оның етін сатумен айналысамыз. Жолда жүргенімізге төрт айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан елдерінде болдық. Мен әлемдегі әртүрлі елдердің қалай өмір сүретінін, мемлекеттерге кірудегі қиындықтар, виза алуда немесе басқа салаларда туристік әлеуеттің қай елдерде дамығандығына көз жеткізгім келді. Мысалы Оңтүстік Кореяда виза алуда ешқандай қиындықтар туындамайды. Ал, кейбір елдерде бұл құжат үшін алты айдай уақыт керек екен,– дейді жиһанкез Парк Хен Мин.
Бізге төрт ай бойы жол жүрген туристердің Қазақстан жайындағы ой-пікірі қызықтырды. Олардың айтуынша қазақ халқы жылы қарсы алыпты.
–Маған «Орта Азияда полицейлер пара алады, алдап соғады» деген пікірді көп адамдар айтты. Бірақ мен саяхатттап жүріп мұны кері пікір екендігіне көз жеткіздім. Өйткені жолда көлігім бұзылып қайда, қалай хабарласарымды білмей абдырап тұрғанымда жолда полиция қызметкерлері тоқтап, көлігімді тиісті орынға жеткізуге көмектесті. Бізді ешкім танымаса да, тілімізді түсінбесе де сыйлықтар беріп қуантты. Мені қызықтырғаны қазақтың ұлттық киімдері болды. Асқан көркемділік, шеберлікпен жасалған шапан, бас киім, кимешегі өзге ұлттарға ұқсамайды. Ал домбыраның үні тіпті ерекше. Бізге тарту етілген сыйлықтармен мүмкін елімізде көрме әлде мұражай ұйымдастыратын шығармыз. Алда жоспарларымыз көп,– деді Хен Мин.
Бізді тек күлімсіреп қана тыңдап отырған Хен Миннің жұбайы Шин Хо Сеонды да әңгімеге тарттық.
–Бала күнімде мені өзге елдің, ұлттың адамдары қызықтыратын. Мүмкін жолдасым екеуміздің де қызығушылығымыз бір болған соң үйленген шығармыз. Осы шешімді қабылдаған кезде аздап қорыққаным рас. Өйткені көлікпен жүреміз, жолда әртүрлі жағдайлар орын алу мүмкін ғой. Әйткенмен тәуекелге бел буып, өзімізді жан-жақты дайындай білдік. Автоүйімізде барлық жағдай жасалған. Жылдамдықты асырмай жүріп отырмыз. Қалаған уақытта тоқтап ,демаламыз. Ас әзірлегім келсе, көлікте электр плитасы бар. Жатын орын, тіпті теледидар да қойылған. Кейде кафелерден тамақтанамыз. Мен будда дінінде, ал күйеуім – мұсылман. Бірақ тамақтанғанда мұсылман асханасын таңдаймыз. Өйткені тағамдары дәмді әрі пайдалы. Сонымен қатар менің сапардағы маңызды жұмысым сурет, таспаға түсіру. Көп елдерде болып үлгермесек те біршама ақпарат жинақтадық. Сапарды аман-есен аяқтап Оңтүстік Кореяға жеткен соң Ютуб арнамызды ашып, таңғажайып оқиғаларымызбен бөлісеміз,– деді Хо Сеон.
Туристермен аз-кем әңгімеден соң, оларды «Visitshymkent» ақпараттық орталығына жеткіздік. Орталық қызметкерлері қаламыздың көрікті және тарихи жерлерін көрсетіп, қонақжайлылық танытуды өз құзыретіне алды. Туристер әрі қарайғы сапарын Ресей, Әзербайжан, Грузия, Индия, Пәкістан елдеріне жалғастырмақ. Ал, одан кейін Африка құрлығына өтуді жоспарлап отыр. Батыл шешім қабылдаған жиһанкездерге сәт-сапар тілеп, еліміз жайындағы жылы лебіздеріне қуандық. Еліміздің салт-дәстүрі мен ұлттық киімдері, тұрмыс-тіршілігі көптеген туристерді қызықтырады. Сондықтан қаламызға келетін шетелдік саяхатшылар жыл сайын артуда. Бүгінде саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау үшін ақпараттандыру жүйесі жолға қойылған.
ГҮЛНҰР БАЛАБАСОВА
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»