НАШАҚОРЛЫҚ ҒАСЫР ІНДЕТІ

221

Сауран ауданы әкімі Ғалымжан Үсенбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаевтың бірлескен жобасы аясында нашақорлықпен күрес айлығы бастау алды. Айлық жоспарға сәйкес Бабайқорған ауыл округінде семинар тренинг ұйымдастырылды. Семинарға Түркістан облыстық нашақорлыққа және есіртке бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствалық штабының хатшысы Лаззат Бекеева, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов, аудан әкімінің орынбасары, семинар модераторы Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев қатысты. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі мен емхана қызметкерлері де семинарда баяндама жасады. Семинарға жиналған жастар алдымен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының арнайы қойылымын тамашалады.

«Нашарқорлық ғасыр індеті» деген атаумен өткізілген семинарда сөз алған облыстың бас имамы жастардың тәрбиесіне алдымен отбасы, одан кейін қоғам болып қолға алуды, мектеп жасындағы балаларға мұғалімнен бұрын ата-ана жауапты екенін алға тартты. Ал штаб хатшысы Лаззат Бекеева есірткемен күреспен мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жұмыстарды тұралатып алмау керектігін, мұндай семинарлар нашақорлықпен күресте тамшыдай үлесін қосатынын айтты. Ал аудан әкімінің орынбасары Мақсат Асылбекұлы нашақорлықпен күресте аудандағы идеологиялық жұмыстарды жандандыратынан жеткізді. Ол үшін аудандық мәдениет бөлімінің жұмыстары үлкен рөл атқару керектігін айтты. Ал емхана қызметкерлерінің айтуынша аудан көлемінде нашақорлықпен тіркеуде тұрған адам жоқ. Бірақ бұған тоқмейілсінуге болмайды. Нашақорлықпен күресудегі жұмыс ақсаңдамау қажет. «Бүгінде электронды шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп тұр. Алаңдатары сол, вейп темекінің жарнамасы жарқырап, шылымның бұл түрі еркін сатылымда, балаға қолжетімді бағада. Тиісінше мектеп қабырғасында да түсіндірме жұмыстары қарқынды»- білім бөлімінің маманы осылай дейді.

Айлық жоспарға сәйкес «Нашақорлық ғасыр індеті» тақырып аясындағы шара барлық ауыл округтер мен елді мекендерде өткізіледі. Түрлі бағытта ұйымдастырылады. Бабайқорғандағы жиын түстен кейін Абай елді мекенінде жалғасты.

Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен уәкілетті мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Қылмыстар мен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру басты міндет.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі