«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ – ҚАЙЫРЛЫ ІСТЕРДЕ КӨШБАСШЫ

318

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бүгінге дейін 156,9 млрд теңге қаржы жиналып, оның 49 млрд теңгесі көзделген қайырымдылық бастамаларды қаржыландырған. Ал, Шымкент қаласында қор арқылы 4,7 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылыпты. Бұдан бөлек қордың көмегімен қандай қайырлы істер жүзеге асқаны туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева Шымкент қаласында өткен арнайы дөңгелек үстелде толық баяндап берді.

Жиынды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, маңызды басқосуға қаладағы қоғамдық ұйым жетекшілері, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала мәслихатының депутаттары қатысты.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ашылған. Осы екі жыл ішінде қоғамдық қор денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мәселелерді шешу үшін қайырымдылық бастамаларға және төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсетумен айналысып келеді.
Л.Шыңғысбаева қайырымдылық істерді қаржыландырудың басым бөлігі денсаулық сақтау саласына бағытталған дегенді алға тартты.

–Жұмсалған қаржының 29 млрд теңгесі денсаулық сақтауға, 14,9 млрд теңгесі білім беру саласына, 2 млрд теңгесі әлеуметтік қолдауға, 358 млн теңгесі спорттық бағдарламаларға және төтенше жағдайға көмек ретінде 3,6 млрд теңгесі жұмсалды. Осы қор арқылы сирек және ауыр сырқаты бар 324 науқасқа көмек үшін 24,9 млрд теңгеге 36 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Оның ішінде 7 түрлі дәрі Қазақстанға алғаш рет әкелінді. Осы қайырымдылық жоба арқылы Шымкент қаласында ауыр жағдайдағы 50 науқасқа 4,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмек көмегі берілді. Өте сирек кездесетін ауру болғасын, оны емдейтін дәрілердің бағасы қымбат болды. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіндіктен қордың көмегімен бұл мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар, 20 науқасқа шет елде емделу үшін 585 млн теңге қаржы жұмсалды. Оның 2-еуі Шымкент қаласының тұрғыны. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Ләззат Алтынбекқызы.

Ләззат Алтынбекқызының айтуынша, көз трансплантациясын қажет ететін 304 науқас қорға өтінім берген. Бұл ота өте сирек, әрі бағасы да қымбат болғандықтан бүгінге дейін қайырымдылық қоры 45 науқастың операциясына демеушілік еткен.

–Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан әр өңірде түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру қажет. Өңірлерді аралаудағы мақсат – қоғамдық ұйым мен әлеуметтік сала басшыларымен кездесіп, қандай көмек қажеттігін өздерінен білу. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Л.Шыңғысбаева.

Шымкент қаласында қоғамдық қордың көмегімен іске асып жатқан жобалар аз емес. Мәселен, осы жылдың сәуір айында №2 оңалту орталығы жанынан ерте араласу орталығы мен аутизмге шалдыққан балаларға ақысыз қызмет көрсететін «Қамқорлық» орталығы ашылған еді. Аталған мекемелерде тек ерекше балалар көмек алып қана қоймай, олардың ата-аналарына да кешенді психологиялық сүйемелдеу ісі қолға алынған. Ерте араласу орталығында ай сайын 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі 126 бүлдіршінге эрготерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия сияқты емдеудің 16-ға жуық түріне жүйелі түрде қызмет көрсетеді. Ал, «Қамқорлық» орталығында 3-18 жас аралығындағы балалардың дамуы үшін жан-жақты жұмыс жүргізіледі. 110 балаға лайықталған мекемеде қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника және лего-бөлмелері, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген.

–Біздің басты серіктесіміз – жергілікті әкімдік. Қордың көмегімен елімізде аутизмге шалдыққан ерекше балаларға арналған 13 орталықты іске қосу жоспарланған болса, ең алғаш болып Шымкент қаласы бұл бастамаға қолдау білдірді. Қала әкімдігі «Қамқорлық» орталығын ашу үшін ғимаратпен қамтамасыз етіп, қызмет көрсететін қызметкерлердің еңбекақысын бюджеттен қарастырып берді. Біз өзге өңірлерде Шымкент әкімдігінің осындай белсенді екенін айтып, үлгі етіп жүрміз, – дейді қоғамдық қор төрағасының орынбасары.
Қоғамдық қорға жиналған қаржының басым бөлігі денсаулық сақтау саласына жұмсалатынын жоғарыда айтып өттік. Қаражат өте сирек және ауыр жағдайдағы науқас балалардың дәрі-дәрмегі, әлемнің медицинасы озық елдерінде ем алуымен бірге, ауруханаларды заманауи жабдықтармен жарақтауға да жұмсалып жатыр. Шала туылған нәрестелердің денсаулық жағдайын бақылайтын, емдеу ісіне көмектесетін жабдықтар Шымкент қаласындағы перзентханаларға да жеткізілді. Атап айтқанда, Шымкент қалалық перинаталдық орталық, қаладағы перзентхана, балалар клиникалық ауруханасы және №2 қалалық ауруханаға жалпы сомасы 45,9 млн теңгеге диагностикалық линзалар, офтальмоскоп және офтальмологиялық лазер сатып алынды. Бұл құрылғылар шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және ретинопатияны емдеу үшін аса қажет.

Халықтың денсаулығын реттеу мен өмір сүру сапасын ұзартуда медициналық қызметкерлер білікті де білімді болуы аса маңызды. «Қазақстан халқына» қорының қаржысына еліміздің онкология және гематология бөлімдерінің дәрігерлерін, генетиктер және ультрадыбыстық диагностика мамандарын шетелде оқыту жобасы да қаралған. Бұл мақсатқа қордан 190 млн. теңге бөлініп, 102 дәрігерді шетелдегі медицианлық орталықтарда білімін жетілдіруі көзделген. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы жылдың 3-14 шілде аралығында қалалық перинаталдық орталықтың 2 маманы Санкт-Петербург қаласындағы «Д.О. Отт атындағы Акушерлік, гинекология және репродуктология ғылыми-зерттеу институтында» оқудан өтіпті.

Қоғамдық қордың тағы бір бағыты – әлеуметтік қолдау. Бұл бағыттың аты бөлек болғанымен атқаратын міндеті денсаулық сақтау саласымен тікелей байланысты. Мүгедек балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ететін бағытта жүзеге асқан жұмыстар көп. Осы мақсатқа 1,5 млрд қаржы бекітіліп, қазірге дейін оның 967,7 млн теңгесіне 99 бала протезбен қамтылыпты. Ләззат Алтынбекқызының айтуынша, қазіргі сәтте тағы 17 протез дайындалу үстінде екен. Мұндай жасанды қол-аяқтар әлемнің ең озық технологиясымен өндірілген. Тіпті, осы протез аяқпен жүгіру спортымен айналысуға да болады. Соңғы технологияның жетістігінің игілігін шымкенттік 4 бүлдіршін де көріпті. Сонымен қатар, мүгедектіктің күрделі түрлері бар балаларды роботтық құралдармен (экзоскелеттермен) қамтамасыз етілуі де қолға алынып жатыр.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова келтірген дерекке сәйкес, қалада 1-3 топтағы 8 мыңға жуық мүгедек бала бар. Роботтық құралдар жайлы естіген шымкенттік ата-аналар олардың қашан әкелінетінін сабырсыздықпен күтіп жатқанын айтты. Оған Л.Шыңғысбаева былай деп жауап қатты.
–Қоғамдық қор арқылы 117 млн. теңгеге 13 дана экзоскелет, яғни баланың орнынан тұруға, әрекет етуге арналған робот құрылғысы сатып алынды. Алайда, бұл робот-оңалту құрылғысының қолдану нұсқаулығы, жабдықтары істен шыққан жағдайда сервистік қызмет көрсету орталығын ашу үшін америкалық кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өйткені құрылғы істен шықса оны жөндеу үшін шетелдегі өндіріс орнына қайтару ұзақ уақытты алуы мүмкін. Келіссөз сәтті аяқталса, қордың сарапшы мамандары денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе қандай диагноздағы балаларға осы құрылғы ұсынылатыны, ата-аналарды күнделікті роботты іске қосу үшін арнайы курстан өткізу секілді жұмыстар жүргізіледі. Айта кетерлігі, робот-оңалту аппараты ақысыз түрде уақытша пайдалануға беріледі. Әр үш айда дәрігерге тексеріліп, ендігіде оңалту жабдығымен емделуі ары қарай жалғасуы немесе тоқтатылуын бақыланып отырады, – дейді ол.

Әлеуметтік қолдау бағдарламасының ішінде «QH — Денсаулық жолы» бағдарламасы, онкологиялық медициналық орталықтарды жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі «QH-жабдықпен жарақтандыру бөлігінде онкологиялық қызметті дамыту», «QH балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту», онкологиялық аурулары бар азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуді қаржыландыру бағыттары да бар. Бұл үшін 1,4 млрд теңге қарастырылып, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында 6 оңалту орталығы ашылып, жарақтандырылады екен. Нәтижесінде 3600 науқас бала осы оңалтудың игілігін көреді. Ал, Шымкент қаласында 241,2 млн теңге сомасына №2 Оңалту орталығы базасында арнайы «QH Оңалту» орталығын ашу жоспарланып отыр.

Қордың білім беру бағытында 2211 студент 2022-2023 жылдар аралығында білім гранты иегері болды. Биылғы 2023-2024 жылға жоғары оқу орындарының 850 студенті осы грантқа қол жеткізіпті. Бұл үшін еліміздегі 89 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатылып, студенттерге 1 млн теңгеге дейінгі оқу ақысы мен ай сайын 40 мың теңге шәкіртақы тағайындалған. Осы орайда, Шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында 180 студент грант иегері атанғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде 79 студент Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде, 35 студент Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында, 64 студент М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқыса, 2 студент Орталық Азия Инновациялық университетінде білім алып жатыр. Ал, биылғы оқу жылында 70 студент дәл осы грантты иеленіпті.
«Қазақстан халқына» қорының атқарған жұмыстарын тізер болсақ ұзын-сонар мәліметтер шыға бермек. Біз арасында ең қысқа дегенін келтіріп өттік. Қор негізінен жергілікті бюджеттің қаржысы жетпейтін, елімізде әлі жүзеге аспаған инновациялық ұсыныстарға қолдау көрсетуге дайын. Осылайша қайырымды жандардың мұқтаждар үшін аударған қаржысы қайырлы істерге жұмсалып, Президент тапсырмасы орындалуда.