ЖҮЙНЕК ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ ЖЕҢІМПАЗ!

157

Сауран ауданы әкімі Ғалымжан Үсенбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаевтың бірлескен қолдауымен кіші футболдан ашық біріншілік өткізілді. Біріншіліктің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев пен аудандық мәслихат депутаттары қатысты

Бұл сайыс — үлкен додалардың бастауы болмақ. Өйткені, қазір ала доп шеберлері, спорттың бұл түріне қызығушылардың саны өте көп. Жарысты ұйымдастырушылар осыны ескере отырып, жас балалардың жігерін шыңдағымыз келеді дейді.

Ауыл жастарын алаңда алға шығаруды мақсат еткен сайыста салауатты өмір салты мен ауыл тұрғындарының ынтымағы насихатталды. Ашық біріншілікке 30 команда өтінім берген. Бүгінгі сайыста ауданға қарасты 12 ауыл округінен 24 команда шаршы алаңда өзара бақ сынасты. Жас аралығына шектеу қойылмаған. Тіпті 60 жасты алқымдаған ардагерлерден құралған «Ардагер» командасы да ойын алаңында бақ сынасты.

Жарысқа қатысып жатқан командалар бұған дейін де шаршы алаңда ала доп теуіп жүрген кіл мықтылар. Мұндай ойындар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Нәтижесінде халықаралық, республикалық додаларда ауданның намысын қорғайтын команда құру үшін мықты ойыншылар жасақталынып алынады. Ашық біріншілік екі күнге жалғасты. Жүлде қоры да қомақты. Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылып жатқан ашық біріншілікке аудандық мәслихат депутаттары демеушілік жасады.

Тартысты жарыс нәтижесінде Жүйнек ауыл округінен жасақталған «Жүйнек» құрама командасы жеңімпаз атанды. Құрама команда шаршы алаңда шапшаң ойын көрсетті. Соңғы минуттарда «Қосқорған» құрама командасының қақпасына 3 гол соғып басым түсті. Жеңіс тұғырына дейін Ескі Иқан, Қарашық, Ынтымақ құрама командаларын басым ұпаймен ойсыратып жеңген болатын. Жеңімпаз команда аудан әкімдігінің арнайы кубогы мен қаржылай жүлде қорына ие болды.

Екінші орынға «Қосқорған» құрама командасы тұрақтады. Финалға дейін қарсылас командаларының жеңісіне тұсау салған «Жүйнек» құрама командасымен есепті теңестіре алмады. Құрама командаға қаржылай сыйлық табысталды. Үшінші орынға шаршы алаңда сәтті ойын көрсеткен Ескі Иқан командасы тұрақтады. Депутаттардың демеушілігі тарапынан берілген қаржылай сыйлықты иеленді. Доп додасының жабылу салтанатына аудан әкімінің кеңесшісі Жолдас Мырзабеков, ауыл әкімі мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Ашық біріншілік алдағы жылдары дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады деп күтілуде. Спорттық шараны ұйымдастырушылар мықты ойыншыларды іріктеп, ауданның құрама командасын жасақтауды мақсат етіп отыр.

«Сауран-ақпарат».