САУРАН АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ СӘКЕН ОРАЗБАЕВ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

239

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек, — деп ерекше атап өтті.

Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасымен Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан төрт ауылдық округте ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары басталды. Осыған орай, Сауран ауданы аумағында елімізде басталған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасының барысы туралы әңгімеге тартқан едік.

— Сәке, бұл әрине республикалық деңгейдегі жаңадан басталып жатқан қанатқақты жобалар болғандықтан оған қатысушылардың арасында үлкен іріктеудің болғандығы жасырын емес қой. Неге, Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері ғана таңдалып отыр және олардың басқа ауылдардан қандай артықшылықтары бар? Бұл жобаға қатысушыларға қандай жеңілдіктер жасалатын түрі бар?

— Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға Республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қаралған. Қанатқақты жоба болғандықтан, басында әр ауданнан екі ауылдық округке ғана берілетін болған. Соңғы уақытта тағы да екі ауылдық округін қосуға тапсырма беріліп, қазіргі таңда төрт ауылдық округ тұрғындарын негізгі алты бағыт бойынша қаржыландыру көзделіп отыр. Соған, біздің Сауран ауданымыздан аталған ауылдық округтердің мүмкіндігі жоғары болғандықтан таңдалып отыр. Ол Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері.

Бұл негізінен басқа ауылдарды алалау емес. Облыс әкімдігі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері болғандықтан, соларға басымдық беріліп отырғаны рас. Жоғарыда атап өткенімдей жобаға қатысуға негізгі 6 бағыт болса, соның ішінде 2 бағыт бойынша Сауран ауданына қарасты барлық ауылдық округтердің қатысуға мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда: Балық шаруашылығын дамыту және тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыттары. Сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар барлық бағыт бойынша жобаға қатыса алады. Болашақтағы мақсат барлық ауылдарды қамту болып табылады.

 

— Қанатқақты жоба аясында қаржыландырудың негізгі талаптары басқа өңірлерге сәйкес келмей тұр ма? Оған қойылатын талаптар шынымен өте жоғары ма?

— Қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі, несиені кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

 

— Бұл енді жеке шаруашылықтар емес, ауылдағы үлкен кооперативке жағдай жасау деген мағынаға келіп тұрған жоқ па? Бұл баяғы коллективтендіруге әкеліп соқпай ма?

— Әрине, дұрыс айтасыз. Біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан, біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27600000 теңгеге дейін (8000 АЕК), жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8625000 теңгеге дейін (8000 АЕК). Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.

Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады. Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да, кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.

 

— Неліктен осы Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майданталдың таңдалып отырғандығын дәйектеп айтып өтсеңіз?

— «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорыны мен жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар. Сонымен қатар әрбір үйдің ауласында негізінен көкөніс өсіріледі және де мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндіктері жоғары.

Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасақтау жалғасуда. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге төрт ауылдық округте 323 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1660,8 млн. теңге.

Қарашық ауылдық округі бойынша 1725 аулада 11215 тұрғын бар. Несие алуға ниет білдірген  93 отбасы, оның ішінде 12 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 564 млн. теңге. Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы – 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс жасамауда. Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

 

— Ал, Оранғайда ше?

— Оранғай ауылдық округі бойынша 1427 аулада 8739 тұрғын бар. Тоқсанға жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 496,8 млн. теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны – 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына — 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.

Бүгінгі күнге — жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр.

Ескі Иқан ауылдық округінде қанатқақты жобаға қатысуға «Иқан Агро 2» және «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Жоба бойынша «Иқан Агро 2» ауыл шаруашылығы кооперативі – мал шаруашылығын дамыту бойынша отбасылық сүт фермаларын ашуды көздеп отырса, «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы кооперативі — мал бордақылау бағыттарын таңдап отыр.

Ал, Майдантал ауылдық округінде мал шаруашылығын дамыту бойынша – отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу, және мал басын көбейту бойынша «СПК-САПА» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.

Бұл дегеніңіз киелі қала іргесіндегі азық-түлік түрлерін өңдеудің жаңаша бағыт алып, өрісін кеңейтіп келе жатқандығын көрсетеді. Себебі, бұл ауылдық округтер Түркістан қаласына жапсарлас орналасқан ауылдар. Таяу болашақта бұл төрт ауылдың да Түркістан қаласының құрамына кіріп кету мүмкіндігі бар. Сондықтан олардағы азық-түлік өнімдерін өңдеу мен ұқсата пайдаланудың жаңа нұсқалары біз үшін аса қажет. Себебі, киелі шаһардағы халық саны күн санап көбейіп келе жатқандықтан мұндағы тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы азық-түлік өнімдері мен көкөністерді дер кезінде жеткізу уақыт талабы болып табылады. Сондықтан, алдымен осы төрт ауылдық округтердің ірі шаруашылық-тарындағы үлгі-тәжірибе ретіндегі қанатқақты жобамыз сәтті жүзеге асырылса, басқа да елді мекендерге таратуды жоспарлап отырмыз. Сөзімді Мемлекет басшысының Жолдауындағы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған тапсырмасымен қорытындылағым келеді.

«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн»,-деді Президент. Міне, бұл ел өміріне үлкен өзгерістер әкелетін ұлттық бағдарламамызға Президенттің назар аударып отырғаны бізді ұлы істерге қанаттандырады.

— Сәке, бастаған істеріңіздің берекесін берсін! Ризығын бірге көруге жазсын!

 

Ләззат САРЫБАЕВА.