ҚАЗАҚТЫҢ ДАСТАРХАНЫ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ

225

Қазақтың дастарханы халқымыздың пейілі сияқты кең. Бұл үйіне келген қонақты құтқа балаған дархан мінезі ұсынған асынан-ақ аңғарылып тұрады. Шымкент қаласында сан этностың ынтымағын ұйыстырып, бірлігін бекемдейтін «Достық» үйінде өткен «Қазақ дастарханы» фестивалінде этномәдени бірлестіктері қазақ халқының ас мәзірінен құралған тағамдары мен сусындарынан дастархан жайды.

Фестивалге қатысушы барлық этномәдени бірлестіктер қазақтың ұлттық тағамын жасауға, дастарханды безендіруге барын салған. Қазылар алқасы тағамдарды бағамдап, ыдыстардың орналасуы, табақтың тартылуы, дастарханның реттілігіне қарап бағалады. Байқаудың бас жүлдесі жүректен жасалған үлпершегін дайындаған корей этномәдени бірлестігіне табысталды.

Өз кезегінде барлық этномәдени бірлестіктері әзірлеген қазақтың ұлттық тағамдарын бағалағаннан кейін жайылған дастархан фестивалге жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.

–Қаламыздағы түрлі этнос өкілдерінің қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуге бар ынтасымен кіріскені көрініп тұр. Біз ұсынылған тағамдардың көрінісіне ғана емес, дәміне, мәзірді таныстыруына да мән бердік, — дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы, қазылар алқасының мүшесі Мырзатай Омаров.

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша, ІІІ орынды түрік этномәдени бірлестігі қанжығаласа, ІІ орыннан өзбек этномәдени бірлестігі көрінді. Славян этномәдени бірлестігі қазақтың құрт-майы, ірімшігі мен балқаймағы, қымыз-қымыраны секілді ағарғанын ұсынған дастарханы жүлделі І орынды иеленді. Ал, байқаудың бас жүлдесі жүректен жасалған үлпершегін дайындаған корей этномәдени бірлестігіне табысталды.

Өз кезегінде барлық этномәдени бірлестіктері әзірлеген қазақтың ұлттық тағамдарын бағалағаннан кейін жайылған дастархан фестивалге жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.

«Шымкент келбеті»

Фото – Серік Қосаев