«ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНДЕ БОСАҢСУҒА ЖОЛ ЖОҚ»

132

Дархан САТЫБАЛДЫ:

«ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНДЕ БОСАҢСУҒА ЖОЛ ЖОҚ»

Түркістан облысының аудан, қалаларында көктемгі су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайға қарсы дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Каналдар мен арықтар тазартылып, су нысандары бақылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында су тасқынына қарсы іс-шаралар барысы тағы да талқыланды.

– Облысымызда төтенше жағдайдың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес ұсыныстар берілуі тиіс. Апта сайын жиналып, су тасқынына қарсы жұмыстарды пысықтап отырамыз. Қауіпсіздік мәселесінде босаңсуға жол жоқ. Әрбір су нысаны мен өзен-көлдер бақыланып, алдын алу шаралары жалғастырылсын. Ең қауіпті аймақтарға, көмек қажет аудандарға қосымша техника жеткізу ұйымдастырылсын. Аудан, қала әкімдері Төтенше жағдай департаментімен бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, Сырдария өзенінің жағдайы бойынша бүгінде «Шардара» су қоймасына секундына 1531 текше метр су келіп, қоймадан жалпы көлемі 1111 текше метр су шығарылуда. Сырдария өзенін бақылау жұмыстары жалғасын табуда. Мұз кету үрдісі жалғасуда және су өз деңгейінде қалыпты өтуде. Облыстың аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтіліп, мәселе бақылауға алынған.

– «Қазгидромет» орталығынан ұсынылған болжамда алдағы төрт күнде жауын-шашын түсіп, ауа температурасы күндіз +12 градус, түнде +5 градусқа дейін жылынады деп күтілуде. Осыған байланысты облысымызда қар қоры болуына және тоңның жібімеуіне байланысты тасқын су қауіп тудыруы мүмкін, – деді Е.Сарыбаев.

Аппарат мәжілісінде аудан, қала әкімдері мен жауапты басшыларға әр ауыл округте қажетті қап қорын дайындап, құмға толтырып, қауіпті аймақтарға жеткізу, барлық канал, арық-атыздарға шолу жүргізіп, ағын сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, су таситын қауіпті орындарға тәуліктік кезекшілік ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен бірге каналдар мен арықтарды және құбырларды мұздан тазарту жұмыстарын жүргізу, мүмкіндігінше кәсіпкерлердің инженерлік техникаларын жұмылдыру, қауіпті учаскелердегі тұрғындар мен шаруаларға, демалыс орындарының иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хабарлама беру, қолда бар мотопомпалардың дайындығын тексеріп, әзірлікке келтіру жөнінде тапсырмалар берілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.