ҚАРНАҚТА ЕЛ БІРЛІГІН БЕКЕМДЕЙТІН ЖҮЗДЕСУ ӨТТІ

151

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сауран ауданы мен Кентау қаласының Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың төрағалары, мүшелерімен және жастармен кездесті.

Жиынды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев модераторлық етіп жүргізіп, басқосудағы мақсат – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары азаматтарды ашық әрі еркін пікір алмасуға және сұхбаттасуға шақырды.

– Қарнақ – ең ежелгі, қасиетті мекендердің бірі. Мұндағы халықта өзара ынтымақ бар. Осындай жерде өздеріңізбен пікірлесіп, ел ағаларымен кеңесу үшін жиналдық. Мәселелер жоқ емес және олар қараусыз қалмайды. Ең әуелі айтарым – ауылдардағы жастарды мемлекет ұсынған гранттарға тарту. Облыс бойынша колледждерде мектеп түлектеріне арналған бағдарламалар толық игерілмей жатыр. Ауылдардағы жастарды білім алуға талпындыруымыз керек. Оның ішінде, отбасына салмақ салмай осындай тегін оқуларға түсіп, тіпті шәкіртақы алуға мүмкіндік бар. Тағы бір қолжетімді ұлттық жобаны атап өтсем. «ArtSport» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс бойынша 30 мыңнан астам бала спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады. Өкінішке қарай, Сауран ауданында іске аспай отыр. Кентау қаласынан тіркелушілер аз. Жергілікті кәсіпкерлерді осы жобаға атсалысуға, ал ата-аналарды балаларын жан-жақты дамытуға шақырамыз.

Келесі мәселе – «Ауыл аманаты» жобасы жөнінде. Өңірімізде 856 ауыл болса, осы жобаға оның 40-ы енді. Яғни, әзірге пилоттық режимде жүргізіледі. Нәтижесіне қарай жыл сайын қатысатын ауылдар саны артады. Бұдан бөлек атқарылып жатқан жұмыстар көп. Сондықтан бірлігімізді сақтай отырып, әрбір мәселені ортақ мәмілемен, белсенді түрде шешеміз деп сенемін, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Сондай-ақ облыс әкімінің орын-басары этнос өкілдерінің қатысуымен мәдени-сауықтыру шаралары жиірек ұйымдастырылатынын айтты. Жиында қоғамдық-саяси ахуалдан бөлек, ұжымдық шаруашылықтардың тыныс-тіршілігі мен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды. Олар Қарнақ ауылына жаңа стадион салу, халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесін ашу, бейнебақылау камераларының санын көбейту, асфальт жолдармен қамту сынды өзекті мәселелерді көтерді. Өз кезегінде Бейсен Дәулетұлы тілектерді түртіп алып, талаптар орынды екенін жеткізді.

Сапар барысында Б.Тәжібаев Кентау қаласына қарасты ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіретін «Әбдіәшім» кооперативінің жылыжайы мен «Ергеш ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған жылыжай 10 жылдан бері қызанақ және қияр өсірумен айналысып, бүгінде 15-ке жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр. Ал шаруа қожалығы 2017 жылдан бастап ет-сүт өнімдерін тауар айналымына шығарып, 1 жылда 10-15 тонна өнім алады.

Басшылар құрамының сапары Қарнақ ауылындағы 1300 жылдық тарихы бар тұт ағашының маңында қорытындыланды. Олар бұл жерді туристік нысандардың қатарына қосу туралы талқылау жүргізді.