«ДЕПУТАТТЫҢ БЕДЕЛІ БІЛІМІ МЕН БЕЛСЕНДІЛІГІНЕ САЙ ӨСЕДІ»

151

Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев:

«ДЕПУТАТТЫҢ БЕДЕЛІ БІЛІМІ МЕН БЕЛСЕНДІЛІГІНЕ САЙ ӨСЕДІ»

Республикамызда Парламент Мәжілісі мен облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайланды. Сегізінші шақырылымдағы мәслихат депутаттары қызметтеріне кірісіп те кетті. Қазіргі таңда халық қалаулылары Сауран ауданының дамуы жолындағы жұмыстарға белсене араласуда. Осыған орай, оқырмандарымызды Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Ермекбайұлы Байсбаевпен таныстырып, жаңа құрамдағы мәслихат депутаттарының атқарып жатқан жұмыстары туралы сұрап білген едік.

-Сержан Ермекбайұлы, мәслихат төрағасы болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

— Рахмет. Мен Түркістан қаласында 1980 жылы дүниеге келдім. Түркістандағы №5 Ғани Мұратбаев мектебін бітірдім. 2002 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірдім. Мемлекеттік түрлі салаларда қызмет еттім. 2010 жылы «Али-Уайс и К» ЖШС ашып, 2015 жылдан бастап «Ер-Аман» шаруа қожалығының төрағасымын.

 

— Шаруа қожалығыңыздың аты да жақсы екен. Сізді ауылдастарыңыз кәсіпкер-фермер деп қана емес жүрегі жұмсақ ағайын-туыстарға көмек қолын аямайтын қайырымды жан ретінде де таниды. Өткен жылдары Бабайқорғанда үш үй өртеніп кетті. Оған ел болып көмектесіп, «Асар» әдісімен үй де салып берді. Сіздің де көп көмегіңіз болған екен. Осы апаттардың алдын алу жолында қандай іс тындырып жатырсыздар?

-Шындығында соңғы жылдары су тапшылығы мен күннің қатты қызуы салдарынан Майдантал, Бабайқорған маңындағы далалық жердегі шөптердің, тұрғын үйлердің өртенуі жиі кездесті. Өзім кәсіпкер бола тұрып, қиындыққа тап болған туыстарыма, ауылдастарыма қол ұшын бермесем, көмектеспесем азаматтығыма сын емес пе? Осыған орай, аудан әкімдігімен келісе отырып, Бабайқорғанға өрт сөндіру машина-сын әкеліп, бірнеше штат ашып жатырмыз. Аудан орталығында өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды.

 

-Бәрекелді. Сіздің сайлауалды бағдарламаңызға көз жүгірте отырып, шағын шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, «ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерді» құрғызу арқылы мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдалануға ықпал етемін депсіз. Мұны қалай жүзеге асырмақсыз? Бұл «Ауыл аманаты» мемлекеттік жобасына қол жеткізудің тура жолы емес пе? Ауданда «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар саны әзірге екеу-ақ. Осыны көбейтудің қамын жасап көрдіңіздер ме?

— Иә, дұрыс айтасыз. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығына сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұған қосымша 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Несиелендіру алты бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту. Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік жасалады.

Несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін (8000 АЕК), жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8 625 000 теңгеге дейін (2500 АЕК). Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай, ең ұзақ мерзімі – 84 айды құрайды. Борышты өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Бүгінгі таңда, «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты Қарашық және Оранғай ауылдық округтері таңдалып отыр. Себебі, аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп, жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорындары, жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар және ауласында негізінен көкөніс өсіріледі. Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімі жасақталды. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде.

 

— Жаңа құрамдағы Сауран ауданы мәслихаты депутаттарының жасы, ұлттық құрамы, білімі, кәсібі, әлеуметтік жағдайы туралы баяндасаңыз?

— Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 19 қаңтардағы №105 «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес, жетінші шақырылымдағы Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Жарлыққа сәйкес 2023 жылдың 19 наурызында сегізінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. 2023 жылдың 30 наурызында сегізінші шақырылымдағы Сауран аудандық мәслихатының бірінші сессиясында мәслихат төрағасы, тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелері сайланып, жұмыстарын атқаруда.

Мәслихат депутаттарының жалпы саны – 16, оның ішінде: ер азаматтар саны – 16. Жас құрамы бойынша: 30-бен 40 жас аралығында – 9 депутат, 41-мен 50 жас аралығында – 6 депутат, 51- мен 60 жас аралығында – 1 депутат бар. Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 10, өзбек ұлтынан – 6 депутат бар. Білімі бойынша: 14 депутаттың білімі – жоғары, 2 депутат – орта арнаулы білімі бар. Кәсібі бойынша: 12 депутат жеке кәсіпкерлік саласында басшылық қызмет атқарады, 4 депутат бюджеттік салада қызмет жасайды. Әлеуметтік жағдайына келсек, барлық депутаттарымыз отбасылы. Ұл-қыздар тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы иелері.

 

— Мәслихат депутаттары халық-тың алдына еркін шығып, сайлауал-ды бағдарламаларының орындалу барысы туралы айтып жүр ме?

— Ағымдағы жылдың 24 сәуірінен бастап 4 мамыр аралығында Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округінің тұрғындарымен аудандық және облыстық мәслихат депутаттарының кездесулері өткізілді. Кездесулер барысында ауыл тұрғындарына 2023 жылы бюджет есебінен қаралған қаржылар және іске асырылатын жобалар баяндалды. Тұрғындар тарапынан кездесу барысында ауылдағы өзекті меселелерді шешу бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, кездесу қорытындысымен ауылдық округ әкімдеріне және салаға жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, 2023 жылдың 15-17 мамыр аралығында аудандық мәслихат депутаттары тарапынан «Тұран-Түркістан» телеарнасына арнайы сұхбат беру ұйымдастырылды. Сұхбат барысында депутаттар тарапынан сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысына талдау жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде, аудандық мәслихат депутаттары өздерінің сайлау округтерінде сайлаушылармен тұрақты түрде кездесулерін өткізуде.

 

— Мәслихат депутаттары аудан әкімдігіне елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру бойынша қанша депутаттық сауал жолдады?

—  Жұмысты бастағанымызға көп бола қоймаса да, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жеті депутаттық сауалдар жолданды. Оның ішінде:

Депутат ретінде мен өзім «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-на аудан орталығынан «Сауран аудандық электр желілері» мекемесін ашуға, қосымша мамандар мен техникалар қарастыру және түнгі ауысым тобын жасақтау туралы депутаттық сауал жолдадым. Екіншісі Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Б.Сүлейменовке «Бабайқорған-Игілік» және «Бабайқорған-Абай» бағытындағы жолдарды жөндеуден өткізуге қажетті қаржыларды 2023 жылдың соңына дейін қарастыруға ықпал жасау туралы сауал жолдадым. Депутат А.Раматуллаев – Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасына, «Кселл»АҚ-на, «Мобайл телеком сервис» ЖШС-на, «КаР-Тел» ЖШС-на Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылдық округінің Ынталы және Қаражон елді мекендері, Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Үлгілі, Бабайқорған, Құмайлықас, Абай елді мекендері, Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша мен Қосмезгіл елді мекендері, Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекеніндегі ұялы байланыстың және Интернет желісінің нашарлығы, желілік күшін көбейтуді қарастыру туралы депутаттық сауал жолданды. Депутат А.Маткәрімұлы – аудандық полиция бөліміне Ескі Иқан ауылының тұрғыны Д.Маннатовтың арызы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы депутаттық сауал жолдады.Депутат А.Азимов – ҚР Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясына Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінің Құмтүйін, Қарашық елді мекендерінде Интернет желісінің жылдамдығын ұлғайту бойынша депутаттық сауал жолдады. Депутат Е.Елеуов — Шаға ауылдық округінде 500 үйге жуық тұрғындардың құжатсыз үйлерін заңдастыруға, Сауран ауданына өткен жер телімдеріне сәйкестендіру құжаттарын ауыстыруға, айналма жолдан және көгалдандыру аймақтарынан «өткелдер» жасауға ықпал жасау туралы аудан әкіміне депутаттық сауал жолдады.Депутат Х.Шарапов –Ескі Иқан ауылдық округіндегі Шаңырақ және А.Хыдыралиев көшесінің қиылысында орналасқан, қазіргі таңда бос тұрған 70 соттық жер учаскесіне ауыл жастарына арналған футбол алаңын, жүгіру жолағын және балалар үшін түрлі ойын алаңдарын салу туралы депутаттық сауал жолдады.

 

— Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының ортақ жайылымына қанша пайдаланылмаған, заңсыз жерлер қайтарылды?

— Сауран ауданы әкімдігінің ауылдық округі аумағы шегінде орналасқан жайылымдарды ортақ жайылымға қосып ұлғайтуға және жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын ұстау бойынша мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып 471 жер иелерінің 55836,1 мың гектар жайылымдық жер телімдері Қазақстан Республикасы жер кодексінің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдық округ әкімі аппараттарының балансына мемлекеттік акт рәсімделетін болады.

 

— 2007 жылдан бастап қазақстан-дықтарға жеке үй салып алу үшін «жердің инфрақұрылымы жасалма-ған» деген желеумен жер берілмей келеді. Осы аса күрделі мәселені аудандық мәслихат депутаттары оңтайлы шешуді қолға алды ма?

— Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер учаскелерiн беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол беріледі. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер телімдерін беруге тек электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі. Алдағы уақытта аудан бойынша жер кезегінде тұрған азаматтарға қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелері жүргізілген жағдайда, заң талаптарын сақтай отырып, жер телімдері берілетін болады.

— Сауран ауданының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қолайлы жағдай жасау үшін қандай қадамдарға барып отырсыздар?

— Ауданға қарасты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, жыл басында мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай (205 теңге) агроқұрылымдарға 4 айға (ақпан, сәуір, мамыр, маусым) үйлестіріліп берілді. Атап айтқанда: көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2990 тонна жанар-жағармай бөлінді. Осындай жанар-жағармай күз айларына да (шілде, тамыз, қыркүйек, қазан) берілетін болады. Үстіміздегі жылдың наурыз айының екінші онкүндігінде «Тұран су» ШЖҚ МКК тарапынан қара жерді егістікке дайындауға және ерте көктемде суғарылатын дақылдарды суғару үшін ақысыз ағын су берілді.

 

— Ауданда азық-түлік өнімдерінің бағасын түсіру жолында қандай бастамашылықтарыңыз бар?

— Аудан әкімінің 2023 жылғы 31 наурыздағы №27 н/қ өкімімен «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын негізсіз өсірмеу мақсатында» арнайы жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы топ күнделікті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Сауран аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі — А.Раматуллаев, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы — С.Асылбеков және жұмысшы топ өкілдерімен ауданға қарасты Жүйнек, Қарашық, Ескі Иқан және Шаға ауылдық округтеріндегі орналасқан азық-түлік дүкендері мен жанар-жағармай құю бекеттерінің қызметкерлеріне бекітілген шектік бағадан асырмау қажет екендіктері бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар басқа да ауылдық округтерде тұрақты жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Ескі Иқан ауылдық округінен жеке кәсіпкер Адешов Рустамхан өз қаражаты есебінен әлеуметтік дүкен құрылысын аяқтады. Сонымен қатар, аудан орталығы Шорнақ ауылынан кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен әлеуметтік дүкен құрылысының жұмыстары басталды. Алдағы уақытта басқа да ауылдық округтерде әлеуметтік дүкендер ашу бойынша кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде, «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және ауылдық округтер тараптарынан баға тұрақтандыру мақсатында жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіліп отыр. 17.03.2023 жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және өндірушілердің өнімдерін тікелей делдалсыз сату тізбегін қалыптастыру мақсатында аудан орталығы Шорнақ ауылдық округінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында ауданға қарасты 12 ауылдық округтің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері аудан тұрғындарына жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдері, кептірілген жемістер мен жеміс шырындарын нарық бағасынан төмендетілген бағада ұсынды.

 

— «Жайлы мектеп» бағдарламасы және кәсіпкерлермен келісім негізінде заманауи мектеп салу ісіне араласып жатырсыздар ма? Сонымен қатар билік пен кәсіпкерліктің келісімі негізінде балабақша салу ісі қалай өрістеуде?

— 2023-2025 жылдарға жоспарланған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Сауран ауданынан 7 мектеп құрылысы енгізілген. Мектеп ғимаратының құрылысына жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін қажетті құжаттары толығымен Түркістан облысының құрылыс басқармасына тапсырылды. Ал, Сауран ауданы Аша, С.Қожанов, Енбекші Дихан, Ескі Иқан, Құмтүйін, Қарашық және Ынталы елді мекендерінде жоспарланған жайлы мектептердің сыртқы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) дайындау үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржысы қаралды. Жобалаушы мекемені анықтау үшін қазіргі таңда конкурс өткізілуде. Бірінші кезекте салынатын «Жайлы мектептердің» сыртқы инженерлік инфрақұрылымдарына (ауыз су, электр қуаты, байланыс желісі, жол және аяқжолдар) құрылысына ЖСҚ дайындауға, атап айтқанда Аша, Ынталы, Еңбекші Дихан, С.Қожанов елді мекеніндегі нысандардың жобасына екі жақты меморандум жасалып жоба дайындалуда. Аша және Ынталы елді мекендердегі нысанның ЖСҚ–лары сараптамаға тапсырылды. С.Қожанов және Еңбекші дихан елді мекендеріндегі инженерлік инфрақұрылымдарына жобалар дайындалуда. «Жайлы мектептердің» құрылыс монтаждау жұмыстары «Samuryk Kazyna contraction» АҚ-ы тарапынан жүргізілетін болады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» қанатқақты ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде құрылысы жоспарланған мектептерді жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілмек. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта жергілікті тауар өндірушілердің өніміне сұраныс артатындығының дәлелі. Сауран ауданының әкімдігі (құм, қиыршық тас, асфальт, кірпіш, цемент, темірбетон, арматура, есік және терезе блоктары, жиһаз т.б) саласында өнім өндіретін кәсіпорындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда облыстық құрылыс басқармасына біршама жобалар ұсынылды. Олар: («Tak mebel» ЖШС, ЖК «Хабибулла ата», ЖК «Sem-brand», «Divalux» ЖШС)

 

— Сауран ауданын экономикалық-әлеуметтік дамыту бағдарында жасалған стратегиялық ұзақ жылдарға арналған жоспарларыңыз бар ма?

— Ауданның стратегиялық жоспарына сәйкес, Түркістан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін іске асыру шеңберінде өндіріске жаңбырлатып суару технологияларын енгізе отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін жаңартып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру көзделуде.

Көлік және инженерлік инфрақұры-лымды дамыту нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар-дың үлесін ұлғайту бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Тұрғындарды ор-талықтандырылған ауыз сумен және та-биғи газбен қамту жоспарлары қаралды. «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жо-басы аясында жалпы 6800 оқушы орны-мен 7 мектеп құрылысын жүргізу жоспарланды.

Қазақстан Республикасының Мәде-ниет және спорт министрлігінің қаржы-ландыруымен «Әзірет Сұлтан» мемле-кеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК тарапынан Ескі Сауран қалашы-ғының аумағынан «Сапар орталығы» құ-рылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Со-нымен қатар, туристерге көрсетілетін қызметтерді жетілдіру жөнінде Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын демалыс ай-мағы және қонақ үй құрылысы басталды және 40 жаңа жұмыс орнымен 2023 жы-лы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

— Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 

Ләззат САРЫБАЕВА.