МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС IV СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Аудандық мәслихаттың кезектен тыс IV сессиясы өтті. Сессияны Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев жүргізіп отырды. Сессияға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы бөлім басшысы Дәуірхан Асылбеков баяндады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан ҚР Үкіметінің 30.06.2023 жылғы №523 «Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Сауран аудандық мәслихатының «Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» жаңадан шешім жобасын әзірлеп, бекітуге ұсынды. Депутаттар ұсынысты қарсы қалыссыз бекітуге келісім берді.
Сондай-ақ, күн тәртібіндегі екінші мәселе ️Сауран аудандық мәслихатының 2022 жылғы 26 қазандағы №151 «Сауран ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы баяндаған бөлім басшысы Дәуірхан Асылбековтің ұсынысын депутаттар қолдап, бекітуді қолдады.
Сессияда қорытынды сөз алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бірқатар атқарылған жұмыстарды екшеп өтті. Мәселен, аудан тұрғындарының тарапынан соңғы уақытта 148 мәселе түскен. Оның 58 мәселесі аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне қатысты. 12 мәселе жер қатынастар бөліміне тиесілі. Бүгінгі таңда 148 мәселенің 67-і облыстық деңгейде шешілуді талап етеді. 70 мәселе аудандық деңгейде шешімі қаралуда. Нақты 10 мәселе шешімін тапқан.
-Құрметті, депутаттар! Шешімін таппаған мәселе көп. Оны жасыра алмаймыз. Тұрғындар талабы да орынды. Бюджеттің шешімін күткен мәселені жеделдету бойынша жұмыстар нақтыланып, сараланды. Сол бойынша жұмыстарды күшейтуді қолға алдық. Қысқа дайындық пен төтенше жағдайдың алдын алу маусымдық жұмыстары қарқынды. Жыл соңы таяп келеді. Біздің мақсат жаңалық ашу емес, қордаланған проблеманы жеделдетіп шешу,-деп сөзін қорытындылады Мақсат Асылбекұлы.
Күн тәртібіндегі мұнан өзге қаралған, депутаттар сұрау салған мәселелер уақыт талабына және заңдылығына сәйкес шешімін табатын болады.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі