БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

118

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев тамыздың 15-18 күндері Қарашық, Жүйнек, Майдантал, Жібек жолы, Бабайқорған, Шорнақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізіп, биылғы жылдың екінші тоқсанына дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Сауран ауданындағы биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарында едәуір өзгерістерге толы. Осы аралықта жалпы, аудандық бюджет кірістері 117,7 пайызға дейін көтерілген. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, кіріс көзі 214,4 млн. теңге жоспардан артық орындалған. Жаңадан құрылған ауданда екінші тоқсан қорытындысымен жалпы өндірілген өнім көлемі 21 млрд. 544,4 млн. теңгені құраған.

Аудан жаңадан құрылғандықтан барлық ауылдар мен елді мекендердің құрылысы ерекше қарқынмен дамып, күн санап жаңа ғимараттарымен толыға түсуде. Биылғы жылғы екі тоқсанда құрылыс жұмыстарында 835,9 млн.теңге игерілген. Нәтижесінде күні бүгінге дейін жалпы көлемі 14 118 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып отыр. Шорнақтағы тұрғындармен кездесуінде аудан әкімі әкімшілік-іскерлік орталығы жанынан үш қабатты төрт үйдің құрылысы басталғандығын хабарлады. Ғалымжан Қарабайұлының айтуынша, бұл тұрғын үйлер дәрігерлер, полиция және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрмысы төмен жандарға арналады. Алайда, ол үйлердің барлығы да әкімдіктің балансында болады. Жалға берілген пәтерлерді жалға алушылардың екінші тұлғаға жалға беруіне тыйым салынады.