«МАҚСАТЫМЫЗ —  «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ» ҚҰРАТЫН ЖАҢАШЫЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ»

176

Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова:

«МАҚСАТЫМЫЗ —  «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ» ҚҰРАТЫН ЖАҢАШЫЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ»

Сауран ауданының білім беру мекемелері 2023-2024 жаңа оқу жылына кірісуге соңғы әзірлігін тиянақтай түсуде. Осыған орай Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы Батырбековаға жолығып, аудандағы елуге жуық мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ошақтарының қазіргі жағдайы мен болашақтағы жоспары және өзекті мәселелері туралы сұраған едік.

— Ақмарал Үсенқызы, құрылғанына екі жылдан енді асқан ауданымыздағы білім беру мекемелерінің 2023-2024 оқу жылына әзірлігінің барысы туралы баяндасаңыз.

— Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы уақыт қалды. Аудан көлемінде 48 білім беру мекемесі шәкірттерге есігін айқара ашады. Биыл аудан бойынша 24785 оқушы партаға отырады. Оның екі мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш аттайды.

Білім беру жүйесі – тамыры тереңде жатқан дәстүрлі жүйелердің бірі.

Алайда, ол заман талабына сай үнемі жаңаруды қажет етеді.

Қазіргі таңда білімді меңгеру диапазонының кеңеюіне қарай, білім беру жүйесінің құрылымы да толығымен жаңа білім бағдарламаларын, инновацияларды пайдаланып біраз сатыларға көтерілді.

Біздің мемлекетімізде білім саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалып, білім беру ұйымдарының желісі кеңейтіліп, материалдық-техникалық жабдықтау ісі жақсартылуда.

Біздің ауданымыздағы білім беру жүйесін дамытудағы жетістіктері мен алдағы уақытта шешуді қажет ететін мәселелерді талдау қорытындысын жасадық.

Бөлімнің жұмыс жүргізудегі басты мақсаты – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Қазіргі таңда Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 48 мектеп биылғы оқу жылын бастағалы отыр. Оның ішінде жеті жекеменшік мектеп, 41 балабақшаның 28-і жекеменшік болып табылады. Жеті мектеп жанындағы шағын орталықтар жұмыс жасайды.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен атқарылды.Бөлімге қарасты барлық мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдарға қаржы қаралып, мектептердің сұранысы бойынша материалдар таратылды. Қазіргі таңда барлық мектептер ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтап, жаңа оқу жылына дайын.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының 07.08.2023 жылғы № 273 бұйрығына сәйкес министрліктің өкілдерімен аудандағы 41 мектепке 2023-2024 оқу жылына дайындық барысына мониторинг жұмыстары 15-18 тамыз күндері аралығында жүргізілді. Мониторингтің мақсаты – мектептердің оқу жылына дайындығының жай-күйін анықтау, оқушылардың қауіпсіз және жайлы ортада білім алуына жағдай тудыру.

 

— Қазіргі таңда аудандағы жалпы білім беру мекемелерінің сапалық деңгейі басқа өңірлермен салыстырғанда қандай? Мұғалімдердің біліктілігін жетілдірудің қандай жолдарын жасап жатырсыздар?

— Мектептің тыныс-тіршілігі, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, құзыреттіліктерінің артуы тікелей педагог мамандардың сапасы мен біліктілігіне байланысты. Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданып, күшіне енді. Сауран ауданында 2023 жылы 3474 мұғалім қызмет атқарды.

Бөлімге қарасты 48 мектеп болса, оның ішінде 35 жалпы орта мектеп, бір негізгі мектеп, бес бастауыш, жеті жекеменшік мектеп жұмыс жасайды. Онда 25 419 оқушы білім алады. Қазіргі таңда ауданда 3474 ұстаз мұғалімдік қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын бекіту туралы» 2012 жылғы 08 – қарашадағы №500 бұйрығына және Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген оқу бағдарламалары арқылы жүзеге асырылып, мемлекеттік стандарт толық орындалды.

 

— Биылғы жылғы түлектеріңіз ойдағыдай нәтиже көрсетті ме?

— 2022-2023 оқу жылында бөлімге қарасты 48 жалпы білім беретін мектептер жалпыға міндетті стандарт талаптарын орындауда жоғары көрсеткіштер көрсетті. Атап айтқанда мектептердегі үлгерім пайызы – 100, білім сапасы 55,3 пайыз, орта балл – 3,6 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға жоғары көрсеткіш.

Аудан бойынша 11 сыныпты 1333 оқушы бітіріп шықты. Олардың ішінде 60 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 108 оқушы «Үздік аттестат» иегері болды. 9 сыныпты 2135 оқушы бітіріп 227 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Мұғалімдер мен оқушылардың «Bilimland» платформасын қолдануының пайыздық көрсеткіші 74 % құрап отыр.

Ауданымызда мектепке қабылдау жұмыстары толық автоматтандырылып, «mektep.smartnation.kz» порталы арқылы жүргізілді.

2023-2024 оқу жылында бөлімге қарасты мектептердің 1 сыныпқа 2228 оқушы қабылданады.

 

— Мектептердің жаңа оқулықтармен қамтылуы қалай жүзеге асырылуда?

— Оқулықпен қамтылуы ойдағыдай. 1-11 сыныптар арасында 265452 оқулық бар. 1-сыныпқа Цифрлық сауаттылық 2400 дана электронды оқулық берілсе, 2-сыныпқа 2400 дана орыс тілі оқулықтары, 9-сыныптарға 2200 дана Зайырлылық және дінтану негіздері оқулықтары, 1-11 сыныптарға қосымша 71468 дана оқулықтарға тапсырыс берілді. Жалпы бөлімге қарасты 41 мектептің 36 мектебі кітапханамен қамтамасыз етілген. Бес бастауыш мектепте кітапхана жоқ. Биылғы жылы оқулық қоры үшінші сыныптарда жаңартылады. Республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, 1850 әдеби кітап сыйға берілді. Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілді.

 

— Мұғалімдердің біліктілігі оқушыларының пәндік олимпиадалардағы жетістіктерімен өлшенетіндігі даусыз. Осы орайдағы атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.

— Білім сапасының бірден–бір көрсеткіші – оқушылардың пәндік олимпиадасы. 2022-2023 оқу жылында облыстық пән олимпиадасына 41 оқушы қатысты. Олимпиаданың облыстық кезеңінде қырықтан астам оқушы ішінен сарапшылардың шешімімен 18 оқушы жүлделі орынға ие болды. Республикаға жолдама алған оқушылар саны – екеу болып отыр.

Республикалық оқушылар олимпиадасында гуманитарлық пәндер ұлттық мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша екі оқушы Республикалық оқушылар олимпиадасында жүлделі бірінші орынды иеленді.

Сонымен қатар Республикалық оқушылар олимпиадасында жүлделі бірінші орын алған мектептерімізбен мақтанамыз. Ахмет Яссауи атындағы жалпы орта мектебі және Әл-Фараби мектептері республикалық «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Облыстық олимпиадаға қатысқан он екі педагог жүлделі орындарды иеленді.

Облыстық ғылыми жобалар байқауына бес оқушы қатысып екі оқушы жүлделі орын иеленді. Халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар байқауына сегіз мұғалім, Республикалық деңгейде бір мұғалім, облыстық деңгейде тоғыз мұғалім үлкен жетістіктерге ие болды.

 

— Биылғы жаңа оқу жылына әзірлік барысында тұрмысы төмен отбасылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды мектепке даярлауға қандай қолдаулар жасалуда?

— 2023 жылы Сауран ауданынан Түлкібас ауданы «Жансая» лагерінде 1000 бала демалды. Шалғай елді мекендерден оқушыларды тасымалдау жайы шешімін тапқан. Ауданда он екі мектепте тасымал ұйымдастырылған. Он екі мектепте мемлекеттік автокөліктерімен тасымалданады. Биылғы оқу жылында әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамту жүзеге асырылмақ. Аудан бойынша 2023 жылы 7890 бала ыстық тамақпен қамтылып, 11 % құрайды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 2% артты.

2022-2023 оқу жылында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген отбасы, көп балалы отбасы балаларына «Мектепке жол!» акциясы аясында жалпыға міндетті білім қорынан 23 млн 447 мың теңге қаралды.

«Мектепке жол» дәстүрлі акция бұл жылы да жалғасын тапты. Жалпыға міндетті білім қоры есебінен 578 балаға қаржылай ақша бөлінді. Бір балаға 40567 теңге берілді.

Демеушілер есебінен 112 бала киінді. 23 тамыз күні Сауран ауданы білім беру мекемесіне қарасты Әшірбек Сығай жалпы орта мектеп базасында «Мектепке жол» акциясы өтті. Акция барысында тұрмысы төмен отбасылары мен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларының 200 баласы киіммен қамтылды.

Биылғы оқу жылында ыстық тамақпен қамту мәселесі жүзеге асырылуда. 2022-23 оқу жылы 1-11 сыныптар арасында 2486 бала ыстық тамақпен қамтылған. 2023-24 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес 1-4 сыныптардағы 8157 бала, 5-11 сыныптардағы 1123 бала ыстық тамақпен қамтылады.

Сонымен қатар, демеушілер есебінен мектеп формасымен мектепке қажетті құрал-жабдықтармен 376 бала қамтылды. Жаңа оқу жылында Сауран ауданында 4 мектеп пайдалануға беріледі. Оның үшеуі жеке меншік мектеп. Сонымен қатар 5 «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Жалпы алғанда Сауран ауданының мұғалімдері мен білім ордалары жаңа оқу жылына әзір. Болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатар білім кемесі жаңа оқу жылына дайын.

 

-Алтын уақытыңызды бөліп, берген сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 

Ләззат САРЫБАЕВА.