ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ

139

Негізгі Заң қоғам мен мемлекеттің дамуы сұраныстарына сәйкес болуы тиіс. Мемлекет өміріндегі бетке алған үдерістер де осы Конституция арқылы реттелетіні анық. Осы берекені қалыптастырып отырған, мемлекеттік институттардың әрқайсысын жүйе-жүйемен бекітіп отырған, әр азамат өзінің құқығы мен бостандығын, өрлеуін сезініп отырған жағдайды Ата Заңымыз қалыптастыруда. Басқа заңдардың барлығы Конституциямыздан бастау алады және оның әлеуеті өте зор.

Биыл Қазақстан халқы Ата Заңымыздың 28 жылдығын атап өтуде. Осы уақыт ішіндегі тарихымызға зер салатын болсақ, 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған қазіргі Конституция барлық мәселелерді ескеріп, биліктің үш тармағына, яғни атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігінің әрқайсысының қызметін анықтап, бекітті.

Демократиялық даму жолына түскен кез келген елде Негізгі Заң мемлекеттіліктің, құқық үстемдігінің, тұрақтылықтың негізі. Бұл ретте жалпыға ортақ әділеттілік орнайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қазақстан алдында өзінің конституциялық моделін айқындау бойынша ерекше маңызды мақсат тұрды. Бұл ретте жасалатын дұрыс қадамға жас мемлекеттің тағдыры тікелей байланысты болды. Яғни, мемлекеттік реформалар жүргізуге қауқарлы болуы, әлемдік қоғамдастықтың теңқұқылы мүшелігіне енуі секілді мәселелерге баса мән берілді.

Тарихқа сәл кейін шегінер болсақ, Қазақстанның дербес ел ретіндегі алғашқы Конституциясы 1993 жылы қаңтарда қабылданған. Бірақ, ол құжаттың кейбір тұсы заман ағымы мен сұранысына қарай нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Негізгі заң — Конституция қабылданды.

Айта кетерлігі, Конституциямыздың жобасын талқылауға ел халқы да жұмылдырылды. Ресми деректерге қарағанда, еліміз үшін басты құжатты талқылау ісіне 3 млн 345 мың адам қатысты. Қарапайым халық тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілді. Осылайша, сан мәрте сүзгіден өтіп, жетіспеген жері толықтырыла түскен Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Дәл осы заңымыздың қабылдануына Қазақстанда дауыс беруге құқы бар сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, оның 89,14 пайызы қолдаған болатын. Сондағы қиын кезеңде миллиондаған ел азаматы осы идеяның айналасында бірігіп, қолдау білдірді. Елбасы сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет халықтың болашағы өз қолында болғанын айтқан еді. Ол — халықтың Конституциясы. Барша қазақстандықтардың белсенділігінің арқасында жаңа Ата Заң өмірге келді.

Конституция — Тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Негізі, алған бағыттың жүйелігі мен Ата заңның қоғамдық дамудың сұраныстарына сәйкестігі конституциялық реформалармен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жүргізілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Конституция уақыт рухына және азаматтарымыздың талап-тілегіне сай келеді.

Атап айтқанда, Конституция — егеменді Қазақстанның берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы әрі құндылықтарды ұлықтаған қастерлі құжат. «Қасым ханның қасқа жолынан», Есім ханның ескі жолынан, Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысынан» бастау алып, жалпы демократиялық принциптерге негізделген Ата Заңға 28 жыл толып отыр. Конституция — ел халқының пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы — Ата Заңның әлеуетін арттырды.

Сейілхан АХМЕТОВ,

Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.