«ЕЛ БОЛАШАҒЫ — БІЛІМДІ ЖАСТАР ҚОЛЫНДА»

193

Сауран ауданы білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова:

«ЕЛ БОЛАШАҒЫ — БІЛІМДІ ЖАСТАР ҚОЛЫНДА»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары… «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды», — деп еліміздің болашағына негіз қалайтын іргелі істерді тілге тиек етті.

«Ұлттық қор — балаларға» жобасын ел халқы үлкен үмітпен күтіп отыр. Бұл қорға түскен қаржының балаларымыз кәмелет жасқа жеткен соң шын мәнінде олардың сапалы білім алуына жұмсалатындығы белгілі болып отыр.

Биыл аудан бойынша 24785 оқушы партаға отырды. Оның екі мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш аттады.

Білім беру жүйесі – тамыры тереңде жатқан дәстүрлі жүйелердің бірі.

Алайда, ол заман талабына сай үнемі жаңаруды қажет етеді.

Мемлекет басшысының қолдауымен білімді меңгеру диапазонының кеңеюіне қарай, білім беру жүйесінің құрылымы да толығымен жаңа білім бағдарламаларын, инновацияларды пайдаланып біраз сатыларға көтерілді. Біздің мемлекетімізде білім саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалып, білім беру ұйымдарының желісі кеңейтіліп, материалдық-техникалық жабдықтау ісі жақсаруда.

Біздің ауданымыздағы білім беру жүйесін дамытудағы жетістіктері мен алдағы уақытта шешуді қажет ететін мәселелерді талдау қорытындысын жасадық. Бөлімнің жұмыс жүргізудегі басты мақсаты – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Қазіргі таңда Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 48 мектеп биылғы оқу жылын бастады. Оның ішінде жеті жекеменшік мектеп болса, 41 балабақшаның 28-і жекеменшік болып табылады. Жеті мектеп жанындағы шағын орталықтар жұмыс жасайды.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен атқарылды. Қазіргі таңда барлық мектептер ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтап, жаңа оқу жылын табысты бастады. Мектептің тыныс-тіршілігі, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, құзыреттіліктерінің артуы тікелей педагог мамандардың сапасы мен біліктілігіне байланысты. Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданып, күшіне енді. Сауран ауданында 3474 мұғалім қызмет атқарады.

Бөлімге қарасты 48 мектеп болса, оның ішінде 35 жалпы орта мектеп, бір негізгі мектеп, бес бастауыш, жеті жекеменшік мектеп жұмыс жасайды. Онда 25 419 оқушы білім алады.

Білім саласының жетістіктері. ауыз толтырып айтуға болады. Былтырғы жылы аудан бойынша мектепті 1333 оқушы бітіріп шықты. Олардың ішінде 60 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 108 оқушы «Үздік аттестат» иегері болды. 9 сыныпты 2135 оқушы бітіріп 227 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Мұғалімдер мен оқушылардың «Bilimland» платформасын қолдануының пайыздық көрсеткіші 74 % құрап отыр.

Ауданымызда мектепке қабылдау жұмыстары толық автоматтандырылып, «mektep.smartnation.kz» порталы арқылы жүргізілді.

Мұғалімдердің біліктілігі оқушыларының пәндік олимпиадалардағы жетістіктерімен өлшенетіндігі даусыз. Осы орайдағы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ. Білім сапасының бірден–бір көрсеткіші – оқушылардың пәндік олимпиадасы. 2022-2023 оқу жылында облыстық пән олимпиадасына 41 оқушы қатысты. Олимпиаданың облыстық кезеңінде қырықтан астам оқушы ішінен сарапшылардың шешімімен 18 оқушы жүлделі орынға ие болды. Республикаға жолдама алған оқушылар саны – екеу болып отыр.

Республикалық оқушылар олимпиадасында гуманитарлық пәндер ұлттық мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша екі оқушы Республикалық оқушылар олимпиадасында жүлделі бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар Республикалық оқушылар олимпиадасында жүлделі бірінші орын алған мектептерімізбен мақтанамыз. Ахмет Яссауи атындағы жалпы орта мектебі және Әл-Фараби мектептері республикалық «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Облыстық олимпиадаға қатысқан он екі педагог жүлделі орындарды иеленді. Облыстық ғылыми жобалар байқауына бес оқушы қатысып екі оқушы жүлделі орын иеленді. Халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар байқауына сегіз мұғалім, Республикалық деңгейде бір мұғалім, облыстық деңгейде тоғыз мұғалім үлкен жетістіктерге ие болды.

Биылғы жаңа оқу жылында тұрмысы төмен отбасылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды мектепке даярлауға барынша қолдаулар жасалынды. Мәселен, 2023 жылы Сауран ауданынан Түлкібас ауданы «Жансая» лагерінде 1000 бала демалды. Шалғай елді мекендерден оқушыларды тасымалдау жайы шешімін тапқан. Ауданда он екі мектепте тасымал ұйымдастырылған. Он екі мектепте мемлекеттік автокөліктерімен тасымалданады. Биылғы оқу жылында әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамту жүзеге асырылуда.

2022-2023 оқу жылында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген отбасы, көп балалы отбасы балаларына «Мектепке жол!» акциясы аясында жалпыға міндетті білім қорынан 23 млн 447 мың теңге қаралды. «Мектепке жол» дәстүрлі акция бұл жылы да жалғасын тапты. Жалпыға міндетті білім қоры есебінен 578 балаға қаржылай ақша бөлінді. Бір балаға 40567 теңге берілді. Демеушілер есебінен 112 бала киінді.

Сауран ауданы білім беру мекемесіне қарасты Әшірбек Сығай жалпы орта мектеп базасында «Мектепке жол» акциясы өтті.

Акция барысында тұрмысы төмен отбасылары мен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларының 200 баласы киіммен қамтылды. Биылғы оқу жылында ыстық тамақпен қамту мәселесі жүзеге асырылуда. 2022-23 оқу жылы 1-11 сыныптар арасында 2486 бала ыстық тамақпен қамтылған. 2023-24 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес 1-11 сыныптардағы тоғыз мыңнан аса оқушы ыстық тамақпен қамтылуда.

Сонымен қатар, демеушілер есебінен мектеп формасымен мектепке қажетті құрал-жабдықтармен 376 бала қамтылды. Жаңа оқу жылында Сауран ауданында 4 мектеп пайдалануға берілді. Оның үшеуі жеке меншік мектеп. Сонымен қатар бес «Жайлы мектептің» құрылысы басталды.

«Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек».

Осылайша Мемлекет басшысы білім беру мекемелерінің өзекті мәселелерін атай келіп, таяу арадағы атқарылатын жұмыстарды таратып берді. Сауран ауданының мұғалімдері мен білім ордалары Жолдауда берілген тапсырмаларды зор қарқынмен тыңғылықты орындауға кірісуде.