ШАЛҒАЙДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛУДЕ ЖӘНЕ СӘУЛЕ ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ 1 МЫҢНАН АСТАМ АБОНЕНТ КӨГІЛДІР ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

108

Биыл Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орталықтан шалғай орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелерін жөндеуге басымдық берілуде. Қазір шалғай елді мекендердегі көшелерге  асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды.

Атап айтқанда, Бадам-1 тұрғын алабында  20,7 шақырым асфальт жол бар. Қазір Баян батыр, Бірлік, Атауы жоқ №1, Бесшатыр, атауы жоқ тұйықтары және атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелері де орташа жөндеуден өтіп жатыр. Жоба бойынша бұл көшелерге 3,7  шақырым асфальт төселеді. Жуырда 0,6 шақырымды құрайтын Ирисбеков көшесінің құрлысы аяқталды.

–Тұрғылықты жеріміз қаланың орталығы болмаған соң, талайдан бері көшеміз тас жол еді. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, шағын ауданымыз көркеюде. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қуаныштымыз,- деді Бадам шағын ауданындағы Н.Ирисбеков көшесінің тұрғындары.

Жалпы, жыл соңына дейін елді мекендегі 4,6 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Набережная көшесінің тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу 2025 жылға жоспарланып отыр.

СӘУЛЕ ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ 1 МЫҢНАН АСТАМ АБОНЕНТ КӨГІЛДІР ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Сәуле шағынауданындағы 276-орамда газдандыру құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі М.Әйтенов елдімекенді аралап, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын қадағалады.  Мердігерлер аталған орамға 28 шақырымдық газ құбырын тартуда. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстың көлемі 98% құрайды. Алдағы күндері «ҚазТрансГаз» мекемесі техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын бастайды. Өндірістік кестеге сай  газдандыру жұмыстары ағымдағы жылы тамыз айында аяқталады. Нәтижесінде 1263 абонент көгілдір газбен қамтылады.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты мерзімінде аяқтап, тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарын тездетуді тапсырды.

Жалпы, қала елдімекендерін табиғи  газбен қамту бойынша жасалған кешенді жоба аясында биыл Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық 74 га елдімекендерін газдандыру жоспарланған. Алдағы жылы Ынтымақ-2 елдімекеніне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталады. Жоспарға сәйкес 2023 жылы көгілдір газбен қамту көрсеткішін 94%-дан 96%-ға жеткізу көзделуде.