ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ДАМУЫНА БАСА НАЗАР АУДАРЫЛЫП ОТЫР

215

Шымкент қаласында соңғы 4 жылда 101 мектеп пайдалануға берілген.

Бұлтуралы  ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

–Білім беру саласы – басым бағыттарымыздың бірі. Соңғы 4 жылда 66 мың орындық 101 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен. Нәтижесінде үшауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Қаладағы 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, – дейді Ғ.Сыздықбеков.

Президент тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Қала кімінің айтуынша, бүгінгі таңда 12 мектептің құрылысы жүріпжатыр. Оған қоса биыл қалада 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға берілген болса, бүгінде «Тұран» шағын ауданында 500 орындық тағы бір оқушылар сарайы салынуда.

–Денсаулық сақтау саласындағы басты мақсатымыз – медициналық қызметті сапалы әрі тұрғындарға қол жетімді ету. Осы мақсатта қалалық онкологиялық орталықтың базасында жеке инвестор  есебінен қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтайтын ядролық медицина орталығы ашылды. Биыл осы орталықта 553 адамға қызмет көрсетілді. Жыл соңына дейін алғаш рет балалар кардиохирургия бөлімшесін ашуды көздеп отырмыз. Алдағы жылдары 6 жеке медицина орталығын, 200 орындық жаңа заманауи перзентхана мен 800 орындық университеттік  клиника салу жоспарымызда  бар, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қала әкімі брифинг басында халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндап өтті. Ғ.Сыздықбековтің айтуынша, Шымкентте 51 мыңнан астам азамат әлеуметтік,  тағы 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мәселені шешу үшін 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен.

–Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына биыл1 мыңнан астам пәтер береміз.  Оған қоса 201 азаматқа 1 миллион теңгеден қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттары табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді Бұл бағдарлама алдағы жылдарыда өз жалғасын табады, – деді Ғабит Әбдімажитұлы.

Оның айтуынша, жалпы Шымкентте жыл соңына дейін 1 миллион 75 мыңшаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.